Шымкенттік келіншек ішіндегі бар мұңын ақтарды. Айтуынша, ол төрт еркекпен некелесіп, барлығы тастап кеткен соң бармағын тістеп қалған.
Жасы 40-қа таяған Гүлжан (ред. - есімі өзгертіліп берілді) қазір екі баласын жалғыз өзі асырап отыр. Бірінші заңды жұбайы қайтыс болған соң ол намазға жығылып, хиджаб оранған.
"Күйеуім қайтыс болып кеткен соң иман келтіріп, намазға жығылдым. Содан кейін "намазхан бауырлар" айттыра бастады. Көп ұзамай біреуге екінші айел болып тұрмысқа шықтым. Аяғым ауырлаған кезде ол адам үшінші әйел іздей бастады. Маған келуді мүлдем қойды. Амалым қалмаған соң, ажырасып кеттім. Сол бойы баласының да бір хабар сұрамады", - деп жылады келіншек.
Екі күйеуден айрылып, тізесін құшақтап қалған Гүлжанның жалғызсыраған жүрегін тағы бір "намазхан" азамат жаулап алыпты.
"Менің рең-басым сымбатты болған соң, бауырлар көп сөз салатын. Содан тағы бір еркекке сеніп, тоқалы болып некелесуге келістім. Бақытым көпке созылмай, ол да екі-үш айдан соң тастап кетті. Себебі, әйелі біздің ара-қатынасымыз туралы біліп қойды", - дейді Гүлжан.
Осылайша, аузы қанша күйсе де, "аңғалдығын" тоқтатпаған әйелтөртінші рет те тайсалмастан, тұрмысқа шыққанын айтты. Алайда, некелескен жарларының барлығы шамалы уақыт өткеннен кейін "талақсың" деп телефон арқылы айта салады екен.
Келіншек тағдырының осылай болғанына өзінің "бетін жауып, никаб кимей жүргені" себеп болды деп ойлапты. Ол уақыт өте келе өзінің жеңіл жүрісті азаматтардың "ермегіне" айналғанын түсінген.
"Олар әйел етіп аларда "Алладан қорқамын, қандай жағдай болса да тастамаймын" деп уәде береді. Кейінірек байқай бастасам, бұл "бауыр" деп журген еркектер екінші әйелді уақытша, "ермек" үшін алады екен. Мен сияқты көп келіншектер дәл осындай күй кешкенін білдім. Әсіресе, 4-5 баласын әр еркектен туғандар көп", - дейді шымкенттік келіншек.
Көптеген еркек өзін алдып, тастап кетсе де, физиологиялық қажеттілігін өтеу үшін ол енді намаз оқымайтын жігіттермен кездесе бастапты.
"Қазір жасым 39-ға келді. Әйел болған соң ер адамды қажет етесің. Енді жасырын түрде, намаз оқымайтын ер адаммен айына бір-екі рет кездесіп тұрамын. Ол адам мені қатты сыйлайды және қолынан келген көмегін аямайды", - дейдә келіншек.
Гүлжан өзінің оқиғасын баяндай отырып, жасаған әрекеттері үшін оңбай өкінетінін айтады. Ол әсіресе, балалары мен туыстарынан қатты ұялады екен.
"Туған-туыс әпкелерім де "осының дұрыс" деп айтады. Себебі әр намазханға тиіп, оны жария етіп жүріп, туған балам мен туыстарымнан да ұятты болғанмын. Енді осы оқиғам басқа қыз-келіншектерге де сабақ болса деймін", - деп сөзін қорытты ол
Дереккөз: NUR.KZ