Шымкентте темекі өнімдерін сатумен айналысатын 70 жастағы кәсіпкерді және оның 45 жастағы қызын айуандықпен өлтіріп кеткені туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Тіпті, 1994 жылғы күдіктінің ұсталғаны туралы да айтылды. Қазір белгілі болғаны, ұсталған жігіт марқұм зейнеткердің жиен немересі және өлген әйелдің ұлы болып шықты. Бұл туралы полицейлердің өздері мәлімдеп отыр.
Ішкі істер департаментіндегілер жас жігіттің мұндай қаныпезерлікке не үшін барғанын білмейтінін айтуда. Анығы сол, қылмыс өткен соң көп ұзамай ұсталған қаскөй кінәсін бірден жайып салған. Қазір, бұл іске қатысты «кісі өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Отбасының туыстары мүлдем сөйлеуге құлықсыз. Көршілері болса марқұмдардың осы үйге жуырда ғана көшіп келгенін айтады. Ал, 24 жастағы бала тіпті үйлену тойына дайындалып жүрген екен.
Марқұм әйелдің туыстары оның осы үйде баласымен бірге тұрғанын айтады. Ол үш қыздың ортаншысы болған екен. Ал, марқұм нағашы атасы Түркістаннан қыдырып келген. Олардың денесі бүгін жерленді.