Егер осы айтылған дүние рас болса, бұл біз үшін трагедия. Тәуелсіздіктің 25 жылы текке кеткені деп біліңіз. Осы 25 жылда кімдерді тәрбиелеп өсірдік сонда? Билік айтатын «көпұлтты Қазақстанда» осы елді шын сүйетіндер, осы елді отаным санайтындардың саны қанша?
Журналист Бақыт Жаншаеваның әлеуметтік желідегі жазбасы үлкен ой салды бізге. Таныс ұстазы орыс мектебіне ауысқан екен. Түңіліп кетіпті. «Біз Ресей патриоттарын тәрбиелеп жатырмыз” деген екен ұстаз.
Жазбаның мән-мазмұнын бұзып алмайық. Қаз-қалпында беріп отырмыз. Сонымен…
«Орыс мектебіне ауысқан таныс мұғалім: «сыныпта балалармен Отан, патриоттық тақырыбында сөйлескен едім… 28 баланың 8-і ғана ( қазақ балалар) өздерін патриотпыз деді. Қалғандары (көбі басқа ұлт немесе аралас некеден туғандар) Қазақстанды отаным демейді, сондықтан өздерін патриот деп санамайды. Бірі Ресейдің патриотымын, отаным — Ресей десе, енді бірі Германия, Израиль деп жатты. Мектепті бітірген соң сол жаққа кетеміз, уақытша жүрміз деген».
Тілдері орысша шыққан қалада туып-өскен қазақ баласында да сондайлық отаным, қазағым дейтіндей сүйіспеншілік байқамадым.
Бұған дейін қазақ мектебіндегі балалардың барлығының «Отаным- Қазақстан! Мен елімнің патриотымын» дегендерін естіп үйренген ол мынаны көріп, жүрегінің мұздап кеткенін айтты.
Сонда қалай болғаны? Қазақ елінде басқа елдердің патриоттарын тәрбиелеп жатырмыз ба?
Жалпы орыс мектептерінде оқитын қазақ балаларының бойынан өз ұлтына деген сүйіспеншілік табылмайтындай жағдайға келе жатқан жоқпыз ба? Бұған назар аудару керек деп санаймын», – дейді әріптесіміз.
Біздіңше, бұл мақала баласын орыс мектебін апарған, апаруға оқталып жүрген қазақтарға ой салуы керек. Ой салады деп сенеміз…
Дереккөз: 365info.kz