Балалық шағымыз Екінші дүниежүзілік соғыстың сұрапыл жылдарымен тұстас келді. Ол бір қиын кезең еді ғой. Қарағайлы орманның қолтығына орналасқан біздің ел бәлендей ашыға қоймады. Орыс поселкелерімен қарым-қатынас жасап, қайта соларға қайың мен қарағайын апарып, көбіне картопқа айырбастап талғажау қылатын-ды. Қыста әкеміз Қостанай қаласына (60 шақырым араға бір қонып) отын, шөп, қол диірменге тартқан бірер пұт ұнын, жемі мен кебегін сатып, отбасына қажетті арзанқол киім-кешек, қант-шайын сатып әкелетін.
Өмірдің аты өмір, ол өз кезегімен өтіп жатты. Сондай қиын уақыттардың өзінде той-томалақ болып тұратын. Жігіттер соғыстан оралып, балаң жігіттер ержетіп, отау құрып, нәрестелер дүниеге келе бастады. Ауыл барымен базар деп, шаймен болса да қуаныштарын бөлісіп, көңіл көтеріп, мәре-сәре болып жататын. Кейін жұрт есін жиып, тойына бастағанда арақ деген бәле шықты. Ертеректе оны ауылдың «игі жақсылары» ғана ара-тұра ішетін еді. Міне, тап солар бұл жөнінен «өнеге көрсетті» десем, ешкім дау айта қоймас. Халық «Балық басынан шіриді» деп осындайда айтқан ғой. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген емес пе? Осы бір теріс әдет ел арасына тарай бастады. Шаруа баққан жігіттер әлгінің дәмін татып, соған үйірсек болды.
Тың игеруге орай қазақ ауылдарына қоныс тепкендер бұл жөнінен «көсемдік» көрсетті. Ағаларымыз қырға егін салып, шөп шауып, мал бағып жатқанда, жеңгелеріміз орыстың мәтүшкелерімен (мать, матушка деген орыс сөзі) қантсыз ашыған боза (брашка) ішіп, сайрандауды шығарды. Сол жылдары елде үлкен де, кіші де ішімдікке әуестеніп алды. Кейін жаппай ішу басталды. Содан қазақ әлі ішіп келеді. Шегінер, ақыл-тоқтамға келер түрлері байқалмайды.
Ішімдіктің зияны, оның әкелетін қайғы-қасіреті туралы аз жазылып жатқан жоқ. Бір сәт төңірегіңе көз тасташы. Бәленше жол апатына ұшырапты, түгеншені пышақтап кетіпті, әлгі бәленшенің ұлы әкесін өлімші ете ұрып, зейнетақысын тартып алыпты деп естисің. Арақтың қазаққа тигізіп отырған залалы шектен шықты десек, артық айтқандық емес. Ішімдікке бейім ұлт қалайша өз елінің қожасы болмақ? Отбасының бас көтерері маскүнем болса, үйде қандай береке, қандай ынтымақ-бірлік болмақ? Жалтақтап өскен, ашқұрсақ балалардың ертеңі не болмақ?
Отбасының ұйытқысы, құт-берекесі саналатын әйелдің ерімен қосылып арақ ішуі етек алып бара ма, қалай? «Маскүнем әке ̶ тауқымет, маскүнем ана ̶ қасірет» деп тегін айтылмаса керек. Екеуі де әң әуелі өз ұрпақтарын сорлатады. Бүгінде ішімдіктің салдарынан кемтар туып, кембағал болған балалар қаншама. Қылмыс жолына түскендер ше? Өзіне өзі қол жұмсау, яғни суицидтен әлем бойынша екінші орынға көтерілген Қазақстан арақ ішуден де алға шықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының спиртті ішімдіктер тұтынуға қатысты әлем бойынша жүргізген арнайы зерттеулерінде Қазақстан 188 елдің арасынан 34- орынға көтерілген. Орталық Азия елдерімен салыстырсақ, бұл тізімде Қырғызстан – 106, Түрікменстан – 114, Өзбекстан – 131, Тәжікстан 134-орыннан көрінген. Бұл нені көрсетеді? Ойлан, ағайын! Ойлан қазақ! Жоғарыда айтылған ұйымның деректері бойынша жылына 8 литр арақ ішкен адам маскүнемдердің қатарына жатады екен. Ал бізде адам басына шаққанда, арақ ішу 33,5 литерден келеді. Адам басына! Әділін айту керек, бізде арақпен қош айтысқандар да жеткілікті. Мұны ескерсек 33,5 литрден әлдеқайда көп болса керек. «Қазақтың араққа кеткен ақшасынан тау тұрғызуға болады» деген әзіл айтылып жүр. Жаны бар әзіл.
Арақ ішуге сылтау көп-ақ. Сәбидің дүниеге келуі, оларды туған күнінен бастап, мектеп, институт бітіруі, әскерден аман-сау келуі, тіпті газетке шығып жатса да көрші-көлем болып ішуді ұнататын абысын-ажындар жоқ емес. Осы орайда белгілі сатирик-ақын Серік Кенжеахметовтің «Ағайын тату болса арақ көп, абысын тату болса, шарап көп» деген мысқылы ойға оралады. Ішуге сылтау көп дедік қой жоғарыда. Солай екен деп тізгінді бос жіберуге әсте болмас. Ертеңімізді, жастарымыздың болашағын ойлайық. Үкімет те бұл жөнінде нақтылы шара қолдануы керек деп есептейміз. Соғым сою, омыртқаға шақыру қазақтың еншісіне тиген, күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан жақсы дәстүрі. Алайда осындай басқосулар көбіне арақты сілейгенше ішуге ұласады. Ондай жерде әрине, ешқандай береке болмасы өзінен өзі түсінікті. Ауылда соғым сойған күні көрші-көлем түгел шақырылады ғой. Міне, сонда кәрі кемпірлердің, күркілдеп отырған шалдардың арақты сіміретінін қайтерсің. Орта жастағылардың да өздерін шектей алмай, ащы судың жетегінде жүргенін қалай айтпасқа?! Әрине бүкіл жұрт солай екен деуден аулақпыз. Алайда бұл жаман әдет ел өміріне бойлай енгенін айтпай тағы болмайды. Бізде қалдырып ішу деген болмайды деп масаттанады кейбір ішкендер. Олар тізгінді бос жіберіп, стақанды басына бір-ақ көтереді. Мұндай «батырлықтың» ақыры неге апаратындығында шаруа жоқ. Сонда деймін-ау, арақ біздің сыйластығымыздың, тілеулестігіміздің өлшемі болғаны ма?
Көлгірсімей шындыққа жүгінсек, бүгінде қазақ жұрты арақ-шарап ішуде Орталық Азиядағы ағайындарға шаңын көрсетпей кетті. Кей көршілерде соңғы жылдары той-томалақ өткізуге қатаң шектеу енгізілген. Мәселен, қырғыз үкіметі той өткізуде шашылып-төгілмеуді көздеген заң қабылдапты, онда тойға қатысты жайттар санамалап көрсетіліп, нақты шектеулер қойылған. Осындай бір заң біздің елге де қажет-ақ. «Мейрамдар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» Үкіметтің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі №1465 қаулысын орындауды қадағалау қатаң қолға алынбай келеді. Ата-баба салтында арақ-шарап ішу болмаған ғой. Сусын ретінде қымыз бен шұбат, тарыдан жасалған боза ішкен. Тегі саламатты ғұмыр кешкен халық едік. Бүгінде араққа түгелге жуық бет бұрып, оны дастарқанның сәні, ойын-тойдың ажарын келтіретін «қажетті» ішімдікке айналдырып алды.
«Бәрі ішетін: әкесі, баласы да,
Шешесі де, қызы да, бабасы да.
Арақта әкесінің құны кеткен,
Халықтың жүргендеймін арасында», деп күңірене толғанады жазушы Сұлтанәлі Балғабаев. Байқаймыз ба, ағайын, қайда бара жатқанымызды. Тұңғиыққа батырар кеселден сақтанайық. Ішімдікке үйір жандар рухани жағынан мешеу, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан жұрдай, дінінен безген. Сүйекке таңба, елдікке мін болып табылатын келеңсіз жайттардан арылу жағын осы бастан ойластырғанымыз жөн.
Қанапия МЫРЗАҒОЖИН
Дереккөз: Егемен Қазақстан