14.02.2026, 08:30

Алдағы 3 күнде елімізде жауын-шашын мен боран болады

Фото: myseldon.com

Болжамға сәйкес, кезеңнің басында елдің көп бөлігінде антициклон әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

"Қазгидромет" баспасөз қызметі 14, 15 және 16 ақпанға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

15 ақпаннан бастап Қазақстанның батысына солтүстік-батыстан циклон жылжиды. Ол шығысқа қозғала отырып, жаңбыр мен қар жауады, желдің күшеюі байқалады, сондай-ақ температура бүкіл елде біртіндеп көтеріледі.

Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында оңтүстік циклонның әсерімен атмосфералық фронттар өтеді. Сол себепті бұл аймақтарда тұрақсыз ауа райы сақталады – жаңбыр мен қар жауады, ал 14-15 ақпанда қатты жауын-шашын күтіледі.

Республика бойынша жел күшеюі, мұз басу және тұманның пайда болуы да мүмкін.

Бұған дейін Алматы мен елдің 14 облысында 13 ақпан, жұма күні дауылды ескерту жарияланған болатын.