Ақтөбе қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталды. Бүгін Айзат Әбдісаматтың күйеуі Қайыржан Ерқасымов бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берді деп жазады ҚазАқпарат.
Ер адамның айтуынша ол жұбайын лифтіден өзі алып шығыпты.
«Мен бүкіл Қазақстанның шындықты білгенін қалаймын. Бұл жағдайға қатысты ақпарат әртүрлі тараған. Мен Айзатты лифттен өзім алып шықтым. Қызым үш жаста. Ол бірінші қабаттан лифтіге кірген. Одан кейін Айзат кіреді. Әйелім лифтіге сол аяғымен кірген, оң аяғын лифт есігі қысып қалыпты.
Екінші қабаттағы аралықта тұрып қалған. Оның денесі сау және аяғын жұлып кетпеді. Сонымен қатар қызым да сау. Ол құлаған жоқ. Пәтер иелері кооперативі тросын қарады. Жөндеу жүргізілгенін айтуда. Алайда тростың еш қатысы жоқ. Кедергі болған кезде, лифт есігі бірден ашылуы тиіс. Алайда ашылмай қалған», – дейді қаза болған журналист Айзат Әбдісаматтың күйеуі Қайыржан Ерқасымов.
Ал сот-сараптама қорытындысының нәтижесі бойынша, Айзаттың өкпесі қысылып қалған екен.
«Оның ішкі құрылысы, өкпесі қысылып, ауа жетпей қалған. Мұнан кейін ішкі құрылысы жыртылып кеткен. Ал әйелімнің аяғы кесіліп қалған деген ақпарат жалған. Ол оқиға орнында көз жұмды.
Кемеревода болған оқиғадан соң өрт қауіпсіздігі тексерілді. Біздегі дәл осы жағдайдан соң лифттерді қадағалау басталады. Ендігі пәтер иелері кооперативі не істерін білмей дал. Шынын атқанда, біздің лифт аптасына бір рет тұрып қалады. Оның тетігі дұрыс емес. Лифтінің есігінің бірден ашылмайтынын бұрыннан білетін едік», – дейді марқұмның күйеуі.
Қайыржан Ерқасымовтың айтуынша ол әйелін лифт ішінен өзі алып шыққан. Қызын да өзі шығарып алған екен.
«Әйелімді қолыммен алып шықтым. Қан әлі қалды. Сол күні баламды ауруханаға апарып, тексерттім. Ол дін аманн. Тек «мамам қысылып қалды» деп айта береді», – дейді марқұмның күйеуі Қайыржан Ерқасымов.
Сонымен қатар марқұмның күйеуінің сөзінше, лифтіде екі есік бар екен. Қайғылы оқиға орын алған күні есіктердің біреуі жабылмай қалыпты.
«Жұмыстан келе жатқан едім. Әйелім маған телефон шалып, күтетіндерін айтты. Ажалы шығар, сол күні жұмыстан кеш шыққан едім. Мұнан соң екі рет теміржол өткелінде тұрып қалдым. Ал үйге жақындағанда, бір адамның көлігі тоқтап қалғанын көрдім. Оған көмек қолын создым. Үйдің маңында адамдар жиналып қалған. Не болғаны туралы ойладым. Мұнан кейін подьезге кіріп, бірінші қабаттан лифтті шақырдым. Лифт істемей тұрды. Ол «тағы істемей қалған» деп ойлап, екінші қабатқа көтерілдім. Осы кезде жүгіріп жүрген адамдарды көрдім. Жоғары көтеріле бердім де, қайта кері бұрылдым.
Адамдардан сұрағанымда, олар «әйел ес-түссіз, бала жылап жатыр» деп жауап берді. Мен кішкентай тесіктен қарадым. Сол кезде өз қызымды көрдім. Қызым мені көріп бақырып жіберді. Осы уақытта жарық та болған жоқ. Қызымның анасының түрін көрмегені де жақсы болған шығар. Десе де көз алдында болған оқиға есінде қалатын шығар», – деді ол.
Мұнан кейін Қайыржан Ерқасымов оқиға орнына шақырылған төтенше жағдайлар қызметін күтпестен, әйелін құтқаруға кірісіпті.
«Төтенше жағдай қызметкерлері келгенше, әйелімді өзім шығарып алдым. Бір қараған кезде еденде жатыр деп ойладым. Алайда Айзат қыстырылып, ілініп қалыпты», – дейді марқұмның күйеуі Қайыржан Ерқасымов.