БҚО Зеленов ауданына қарасты Переметное ауылына жақын маңда дамба қирап қалды деп хабарлайды "Мой Город" порталы. БАҚ өкілдерінің жазуынша, аталған бөгет былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен екен.
Жөндеу жүргізген құрылыс компаниясы енді келісімшарт аясында бұзылған дамбаны өз есебінен жөндеп беруі тиіс.
"Биыл қар көп болды. Сол қар ерігеннен кейін судың қысымына шыдас бермеген дамба жарылып кетті. Құрылыс компаниясы кепілдік міндеті аясында барлық жұмысты өзі атқарады. Облыс әкімі Алтай Көлгінов болса жобалаушыларды жауапқа тартуды тапсырды", - деді БҚО әкімінің кеңесшісі Жарқын Жұмаділов.
Айта кетейік, Зеленов ауданындағы дамбаны нығайту жұмыстары 2017 жылы жүргізілген. Оның суын Переметное, Полевое, Қаражар және Зеленое елдімекендерінің тұрғындары шаруашылыққа пайдаланады деп жоспарланған.