$ 494.87  520.65  4.91

Дала дарабозын көрмедім: Желі қолданушысы «Әміре» фильмінің кемшін тұстарын айтты

«Біткен іске сыншы көп». Бірақ сынның да шыны бар деген. Жидегүл Аманғали есімді Facebook қолданушысы жуырда ғана шыққан «Әміре» фильмін тамашалап, көрермен ретінде туындыда кеткен кемшіліктерді атады.
Төменде жазбаны өзгеріссіз назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Сонымен жұрт мақтаған, керек десеңіз, министрліктің өзі қолдаған «Амре» («Әміре») фильміне біз де бардық. Киносыншылар онсыз да айтып жатқан шығар, алайда мен де көрермен ретіндегі ойыммен бөліссем деймін.
Айтайын, маған түк əсер етпеді! Көркем фильм екенін, тарихи оқиғалардың дəл сол күйінде қайталанбайтынын, шындыққа мүлдем сəйкес келмейтін түрлі режиссерлік шешімдердің болатынын білем. Алдын ала өзімді соған дайындап та барғам. Бірақ бəрібір көңілге қонбады. Неге?
Біріншіден, басты рөлді сомдайтын актер дұрыс таңдалмаған. Түр-əлпеті тым əдемі, тап-таза, тым сүйкімді жəне тым қалалық. Асфальттың қазағы екені көзге «ұрып» тұр.
Меніңше, "Əміре" образы ашылмады. Фильмнен даланың дарабозын көрмедім. Əн орындалғанда да түк тебіреніс жоқ. «Балқадиша» бір жақта, сахнадағы "Əміре" басқа жақта. Байланыс, үндестік дегенді сезінбедік. Əнді беріліп айтқан боп басын шайқайды, көзін жұмады. Бірақ сол кадрлар лəззат сайлаудың орнына керісінше, күлкімді келтірді. Санжардың музыкалық білімі бар шығар, бірақ дәстүрлі əннен алыс екені анық байқалды.
Мұстафа Шоқай образы да сəтсіз. Слишком наиграно дейтін бе еді? Солай! Жүрек жоқ. Терең тыныс алғанына дейін шынайы емес... Елін сағынған ерді көрмедік.
Ал «Париждегі махаббат» сахнасы - бөлек əңгіме. Көркем фильм болғандықтан интрига, сезім сценалары керек шығар, бірақ сауатсыз, ауылынан алысқа шығып көрмеген, ел көрмек түгілі тіл білмейтін Əміренің шетелдік əншімен бірден «жабыса» кетуі ақылға қонымсыз. Бірақ махаббат ұлтқа, жасқа қарамайды дейді ғой, оның үстіне екеуін музыкаға деген іңкəрлік табыстыра кеткен шығар деп мұнысын ақтап алдық.)
Ең қызығы, Əміре - полиглот. Ол уақытта қазақтардың басым бөлігі орыс тілін де білмегенін ескерсек, Əміренің орыс, ағылшын, тіпті мүмкін француз тілін де меңгергені таңғалдырмай қоймады.))
Фильмнің режиссері де аты американдық демесең, алып бара жатқан жұмысымен ерекшеленбеген маман. «Əміре» - режиссер Джефф Веспаның алғашқы үлкен картиналарының бірі. Осыған дейінгі бірнеше қысқаметражды фильмдері де көп көрермен жинай қоймаған екен. Сондықтан танымалдылығы «0» режиссерге қазақтың аты аңызға айналған Əміре Қашаубаевын қимайды екенсің...
Өнер майталмандарының бірі «Шетелдіктерге қазақта да ақсүйектер,мәдениетті, талантты адамдар болғанын көрсететін фильм» деп бағалапты. Бірақ өз басым ақсүйектіктен гөрі жай ғана «Гламурный Əмірені» көріп қайттым.
Ұнатқандар бар, ал менің өз ойым өзімде», – деп жазды Жидегүл Аманғали.

Бұған дейін де фильмге түрлі сын айтылды. Өз ойын жеткізгендердің арасында танымал отандық режиссер Қанағат Мұстафин де бар. Ол басты рөлді сомдаушы Санжар Мадиевтің Әмірені өз деңгейінде алып шыға алмағанын айтқан еді.

Еске сала кетейік, Әміре Қашаубаевтың өмір жолына арналған көркем фильмінің тұсаукесері 2 сәуір күні Астана, 4-і күні Алматы қаласында өтті. Ал көпшілік жаңа туындыны 5 сәуірден бастап барлық кинотеатрлардан қазақ және орыс тілдерінде тамашалап жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары