Шығыс Қазақстан облысында арнасынан асып, ағысы күшейген өзен бір адамның өмірін жалмады деп хабарлайды ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
"Алдын ала болжам бойынша, шопан Қаракөл өзенін атпен кесіп өтпек болған. Ағыстың қатты болуынан жылқы аяқта тұра алмай құлаған, ер азаматты су ағызып әкеткен", - делінген аталған хабарламада.
Құтқарушылардың айтуынша, шопан қалың киінгендіктен ауыр салмақ оны су астына қарай батырып жіберген. Оның денесін полицейлер мен құтқарушылар және туыстары бірнеше күн бойы іздеп таба алмады. Сондықтан іздеу жұмыстарына Өскеменнен келген сүңгуірлер араласыпты.
"Сүңгуірлер келген күні олар су астынан денені тауып, жағаға алып шықты. Ол шамамен 1,5 шақырым қашықтыққа дейін ағып кетіпті", - дейді ТЖД мамандары.