Белгілі рэпер Жан Ахмадиев жезөкшелерді қойып, енді тележүргізушілермен күреспекші. Ол экран алдында өзін мазақ еткен «Ұят Parade» (Gakku телеарнасы) бағдарламасының жүргізушісі Нұржан Еркінұлының кешірім сұрауын талап етіп отыр. Болмаған жағдайда сотқа шағым түсіретінін ескертті. Бұл туралы рэпер Instagram әлеуметтік желісі арқылы мәлімдеді.
«Кешегі күнгі видеом туралы неше түрлі пікір айтылды. Оны біреулер жақтады, біреулер даттады. Оның арасында ұлттық «Гәкку» телеарнасы да даттады. Ол жердегі «Ұят Parade» бағдарламасында мені тікелей балағаттайды. Инвалидке дейін теңейді. Мен ұлттық телеарнаның мұндай дәрежеге түсетінінне сенбей отырмын. Осында істейтін мамандардың да кәсіби деңгейлерін байқап қалдым. Бұл тарапта жеке басыма қол сұққанына байланысты «Гәкку» телеарнасына және бағдарлама жүргізушісі Нұржан Еркінұлының менен ресми түрде кешірім сұрағанын талап етемін. Әйтпеген жағдайда сотқа шағымдануға мәжбүр боламын. Хабарлаймын, күтемін «Гәкку» арнасы!», - дейді ол.Еске сала кетейік, осыдан екі апта бұрын рэпер Жан Ахмадиев «жезөкшелерді» қамшымен сабаған болатын. Кейін бұл жайттың арнайы түсірілмегені анықталып, ондағы қыздардың бірі өзінің әйелі болып шыққан.