13.04.2018, 04:55

Құлсарыда жолды жауып, көлік кептелісін туғызған той кортежінің жүргізушілері жазаланды (ВИДЕО)

Атырау облысының Құлсары қаласында жергілікті полиция қызметі той кортежінің барлық жүргізушісін жауапқа тартты. Көлік кептелісін туғызған жергілікті тұрғындар енді ірі көлемде айыппұл төлейді деп жазады "Мой Город" порталы.

Кортеж аудандық әкімдіктің дәл алдындағы алаңмен жүріп өткен. Қатарласқан 6 көлік жолды түгелдей жауып тастап, өзге көліктердің қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіріпті. Ал, той иелері - яғни күйеу жігіт пен қалыңдық болса жол ортасымен қол ұстасып жаяу жүріп, аспанды түрлі-түсті түтінге бояған. Ашуға булыққан жүргізушілер болған жайтты бейнекамераға түсіріп, полиция қызметкерлері көрсін деп әлеуметтік желілерге таратып жіберген.

Бейнежазба Жылыой аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерін бей-жай қалдырмады. Жүргізушілерге қолайсыздық тудырған көліктердің иелерін анықтаған полиция қызметкерлері оларды бөлімшеге шақырған. Ал, келмегендеріне іздеу салынған.

Жылыой аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу-анықтау тобының басшысы Сағын Доржиковтың айтуынша, той кортежінің барлық алты жүргізушісі анықталып, олардың үстінен хаттама толтырылды. Барлығы да айыппұл төлейді.