$ 494.87  520.65  4.91

Қайын атасы пышақтап өлтірген келіншектің туыстары құдаларынан жиен немересін қайтаруды талап етті

Қайын атасының қолынан қаза тапқан семейлік келіншектің денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Қара жамылған жақындары Ақерке Қозыкешованың мәйітін Оралдан туған жеріне ұшақпен жеткізген. Әйтсе де, жаназаға жиналған жұрт қатты соққылардан денесінің сау-тамтығы қалмаған марқұммен дұрыстап қоштаса алмады. Ал Ақеркенің туыстары құқық қорғау органдарынан әкесі Саят Қозыкешовте қалған жиен немересін алып беруді талап етіп отыр деп мәлімдейді КТК телеарнасы.  

Ақерке небәрі 27 жасында қайын атасының қолынан қыршынынан қиылды. Оралда болған қанды оқиғадан кейін, оның мүрдесі араға алты күн салып Семейге ұшақпен жеткізіліп отыр. Ең өкініштісі, жаназаға жиналған дүйім жұрт онымен дұрыстап қоштаса да алмады. Өйткені күдікті Асылбек Омаров оны адам танымастай етіп тастаған. Ол келінін алғашында тұншықтырып, ұрып-соғып, артынан пышақтап, денесінің сау-тамтығын қалдырмапты. Сондықтан ақтық сапары алдында сүйегін жууға ет жақындарына ғана рұқсат етілді.

Енді марқұмның артында  жер бауырлаған ана, қайғыдан қабырғасы қайысқан жақындары мен екі баласы қалды. Туыстарының ендігі бар арманы – Ақеркенің бұрынғы күйеуі Саят Қозыкешовте қалған бір жарым жастағы жиен немерелері Әлішерді өз тәрбиелеріне алу.

Алайда құзырлы орын өкілдері кішкентай баланы бірден тартып әпере алмайтынын жеткізді. Себебі, анасы көз жұмса, бала әкесінде қалуы керек екен. Оның үстіне Саят әкелік құқықтан да айырылмаған.

«Неке заңына сәйкес, ата-анасымен қатар жақындарының да баламен сөйлесіп тұруға құқығы бар. Сондықтан олардың немересімен араласа беруіне болады. Бірақ мұны біз қатаң бақылауға аламыз», – Орал қаласы білім бөлімінің қамқорлық және қорғаншылық бөлімінің бас маманы Ақмарал Ұлықпанова.

Енді мамандар Саят Қозыкешовтің тұрмыстық жағдайына жіті тексермек. Оның баланы бағып-қағуға шамасы жете ме, жетпейме толық анықтаймыз деп отыр. Сондықтан, қара жамылған отбасына әліптің артын бағудан басқа амал жоқ. Айта кетейік, екі арадағы жанжал да осы баладан басталған болатын. Саят пен Ақерке ажырасқанан кейін, енесі мен бұрынғы күйеуі кешірім сұрап келіп, бір жарым жасар Әлішерді Оралға алып кеткен. Ал осыдан кейін баласын Семейге  әкелуге барған ананы қайын атасы жалдамалы пәтердің бірінде өлтіріп тынды.

Ол немересін бергісі келмегендіктен келінін өлтіргенін айтып полиция қызметкерлеріне өзі берілген. Қазір қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бірақ Ақеркенің жақындары оның бұл қылмысты жалғыз жасағанына мүлдем сенбейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары