Алматыда мектептердің бірінде ноутбук ұрлаған әйел ұсталды. Бұл сәт түсірілген видеоны Мира Барқазатқызы есімді Facebook қолданушысы әлеуметтік желіге жүктеген.
Оқиға Алматы қаласының Түркісіб ауданындағы мектепте болған. Автордың айтуынша, ноутбукты жымқырған әйел өткен жылдан бері маңайдағы басқа мектептерді тонап келіпті. Бұл әдетін жалғастырған ол 21 сәуірде көрші №89 жалпы білім беретін мектепке ұрлыққа түскен.
«Ұры ұсталды. Ол Алматы қаласы Түркісіб ауданындағы мектептерге қараша айынан бері тыным бермей, түнгі мезгілде жаңа келген тақтаның əлі құрылып бітпеген ноутбугы мен асхананың азық-түлігін қолды қылған. Сəуірдің 21-і күні алдымен №89 мектепті тонап, іле-шала біздің мектепке кіріп, ашық тұрған есіктен жұмыс істеп отырған мұғалімнің ноутбугін жымқырған ұры ұсталды. Телефоны мен ақшасы жоғалғанын біле сала №89 мектептегі мұғалім бейнекамерадағы суретті уатсапқа жариялайды. Басқа мұғалімдерге ескертеді. Уатсаптағы бейнежазбаны көрген Жұлдыз Атымтаева отбасымен жұмыстан қайтып бара жатып, аялдамада тұрған күдіктіні көзі шалып қалады. Машинада отырып, жолдасымен бірге видеоны қайта көріп, əйелді машинаға отырғызады (отыруын талап етеді) . Бала-шағасымен отырған соң, əйел күдіктенбесе керек. Сол жерде ұрыны №89 мектепке апарып, бейнекамерамен ұрлық жасағанын дəлелдеп, полиция шақыртады», - деп жазды желі қолданушысы.
Тексере келе күдікті әйелдің еш жерде жұмыс істемейтіндігі анықталған. Сондай-ақ, іздестіруде жүрген ол бұрын да істі болыпты.