Павлодарда саяжай аумағынан жалғыз жатқан мола табылды. Мұны көрген тұрғындар енді онда көкөніс егу түгілі, жолауға қорқып отыр. Полицейлер болса, онда жерленген адамның осы қаланың тұрғыны екенін анықтаған. Ер адам биыл қаңтарда өз-өзіне қол салып, көз жұмған екен. Оны саяжай аумағына туыстары жерлеп кетіпті.
Саяжай аумағынан қабірді алғаш көрген тұрғындар шынымен де шошып қалғандарын айтады. Қар еріп, жер жібісімен мұнда отбасымен келген Қорлан Уақпаева әсіресе балалар қорқып кетті дейді. Саяжайға жылда көкөніс егетін ол мұнда адам жерлеу барып тұрған бассыздық деп санайды.
«Саяжайға балалармен келемін. Қабірді көргенде бәріміз шошып қалдық. Қалай ғана саяжай аумағына адам жерлеуге болады? Ол үшін арнайы зират бар емес пе?» - дейді адам жерленген саяжайдың иесі Қорлан Уақбаева.
Іске араласқан полицейлер болса, марқұмның шаһарға қарасты Кенжекөл ауылының тұрғыны екенін анықтаған. Ер адам өз-өзіне қол салып, көз жұмған. Қабірдің басындағы тақтайшаға қарағанда, ол биыл қаңтарда мұнда мұсылмандар рәсімімен жерленген. Дәл осы саяжай маңында арнайы зираттың орналасқанын айта кетейік. Ал мына жалғыз молаға қатысты тексеріс жүргізген полицейлер ер адамның өліміне байланысты күдік тудыратындай ештеңе таппапты.
Қыста көз жұмған ер адамның өзі 29 жаста болған. Марқұмның өз-өзіне қол салуына не себеп болғаны сол күйі белгісіз. Ал оның туыстарымен сөйлескен жергілікті атқамінерлердің айтуынша, олар мәйітті мамырдың соңына дейін саяжай аумағынан әкетіп, қайта жерлеуге уәде беріпті.
Дереккөз: КТК телеарнасы