Астанадағы қоғамдық көліктің бірінде жолаушы мен кондуктор келісе алмай, ұрысып қалды. Екеуінің арасында болған кикілжіңнің соңы «мен астаналық, сен шымкенттік» деген жер бөлінушілікке ұласты.
Болған жайтты телефон камерасына түсіріп алған белгісіз автор видеороликті Instagram әлеуметтік желісіндегі топтардың біріне жариялаған.
Екі әйел төлем картасы үшін ұрсысып қалған. Картасы жоқ жолаушылардан 150 теңге алатын кондукторлардың әрекетін жолаушы әйел дұрыс емес дейді. Кондуктор болса автобусқа ілінген нұсқаулықты көрсетіп, жолаушыдан заңға бағынуды талап етеді.
«Кеше де осы №95 автобустың кондукторы екі баладан 150 теңгеден 300 теңге қалтасына алып алды. Менен солай алсыншы, быт-шытын шығарар едім», - деген жолаушы соңында кондуктордың барлығын «шымкенттік» деп атайды.
Әлеуметтік желіге тарап кеткен бұл видео қызу талқыға түсті. Көпшілігі қазақтардың бұлай жер-жерге бөлінгендерін масқаралап, сыни пікірлер қалдыруда.