29.04.2018, 04:51

Экс-вице-министр Оғыз Доғанға қарсы шыққандарға жауап берді

Экс-вице-министр әрі кәсіпкер Марат Толыбаев қазақ тілі үшін күресіп жүрген Оғыз Доғанға қарсы шыққандарға жауап берді. Оның пікірінше, түрік азаматы заңға қайшы ештеңе жасамаған деп жазады Newtimes.kz.

«Көбісі Оғыз Доғанды халыққа қызмет көрсету орталығындағы жұмысшыларды камераға түсіруге құқы жоқ деп ойлайды. Мүлде дұрыс емес. ҚР «Тұтынушылардың құқын қорғау» заңының 24 бабынына сәйкес өндірушілер тұтынушының фото және видеоға түсіруіне қарсы келуге болмайды. Доған тек қызмет көрсету процесін ғана түсірген. Ешқандай заңға қайшы әрекеті жоқ», – деп жауап берді Толыбаев.

Сондай-ақ танымал кәсіпкер Оғыз Доғанды ұлтаралық жанжал тудырып жүр дегендермен де келіспейтінін айтты.

«Ол өзге адамдардың орыс, ағылшын, түрік тілінде сөйлеуіне қарсы шығып отырған жоқ. Бар болғаны өзіне заң бойынша мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін талап етіп отыр», – дейді ол.

Еске сала кетейік, 25 сәуірде Астана қаласындағы «Сары-Арқа» банк бөлімшесінде Оғыз Доған өзіне қазақша қызмет көрсетпеген қызметкерлерді видеоға түсіріп, желіге жүктеген. Содан кейін БАҚ құралдары бұл ақпаратты жарыса жазып, соңы дауға айналған. 

Күні кеше Qazkom банкінің өкілдері қазақша қызмет көрсете алмағаны үшін Оғыз Доғаннан кешірім сұрап, видеомәлімдеме жасаған. Тіпті, банк қызметкерлеріне осы олқылық үшін арнайы тренинг өткізетіндерін де мәлімдеген.