Жалпы азаматтық қоғам дегеніміз не? Оның белгілері елімізде бар ма? Осыдан 10 жыл бұрын азаматтардың белсенділігі қоғамда өте төмен болды. Ал, қазір жағдай мүлдем басқа. Әлеуметтік желілердің дамуы азаматтық қоғамның алға жылжуына себеп болды.
2015 жылы 27 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының саммитінде ҚР Президенті елде азаматтық қоғам дамуына жағдай жасалғанын мәлімдеді. Ал халықаралық ұйымдар Қазақстандағы азаматтық қоғам ахуалын сынап келетінін тілге тиек етті. «Азаттық Радиосының» хабарлауынша, Назарбаев қазіргі миграциялық дағдарыс Таяу Шығыс, Африка және Азия елдеріндегі қақтығыстар салдарынан ғана емес, мемлекеттер дамуындағы теңсіздіктерден де туындап отырғанын айтқан.
Азаматтық қоғам – бұл елдегі абсолютті анархия емес. Батыстық капиталистік демократиямен де шатастырмауымыз керек. Бұл біздің өз жолымыз, өз заңымызбен жұмыс істейтін ұйым болуы керек. Заңды түрде азаматтардың құқығын қорғайтын ұйымдар жиынтығы болып табылады. Яғни, азаматтардың мүддесі мен еркіндігі үшін жұмыс жасайтын қоғам.
Қазақстан азаматтары қандай қоғамда өмір сүреді? Еліміздің егемендік алғанына биыл 27 жыл болады. Осы уақыт аралығында біздің қоғам қандай жетістіктерге жетті? Конституциямыз қабылданып, іргетасымыз бекітілгенмен, еліміздегі саяси жүйені заңмен қадағалау қажет болды. Сол себепті 1991 жылы 27 маусымда «Қазақ КСР-інің қоғамдық бірлестіктер туралы» заңы қабылданды. Бұл ел ішіндегі жаңадан құрылған партиялар мен қоғамдық ұйымдардың жұмыстарын дұрыс жолға қойылуын қадағалады. Көп ұзамай, 1996 жылы қоғамдық бірлестіктер мен партиялардың қызметтері айқындалып, Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» және «Саяси партиялар туралы» қос заңы пайда болды. Бұл екі заң да демократиялық қағидаларға негізделе отырып, елімізде көппартиялы жүйені нығайтуды көздеді. Ал, 2002 жылы қабылданған «Саяси партиялар туралы» жаңа заң еліміздегі көппартиялы жүйенің жұмысын нығайтып, жаңа сапалы деңгейге көтерді. Артынша Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Мұнда мемлекеттiк бюрократияның билiктi асыра пайдалану көрiнiстерiн түбiрiмен жою үшiн жағдай жасауға, елдiң әр азаматының өмiр сүруiнiң жоғарғы деңгейiне жедел қол жеткiзуге, азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепiлдiк берiлген құқықтары мен бостандықтарын сақтауды қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
Бүгінгі таңда қазақстандық азаматтар ашық қоғамда өмір сүріп жатыр деп айта аламын. Алысқа бармай соңғы уақытта қоғамда орын алған резонанстық оқиғаларға азаматтардың белсенділігі жайында тоқтап өтсем.
Жақында еліміздің оңтүстігіндегі Шымкент қаласындағы 6 жасар баланың жасөспірімдерден зорлық көргенін республикадағы БАҚ шулап жазды. Ақпарат желіге түскен күні қоғам белсенділері: Аружан Сайын, заңгер Бауыржан Азанов және балалар омбудсмені Зағипа Балиевa бұл мәселеде үнсіз қалмады. Бірнеше тарап өз қызметі аясында баланың құқығын тапталмауын және психологиялық күйзеліске ұшырамауын қадағалады. Кейбір сыншылар түрлі сын айтып, шенеуніктер тарапынан қысым болды деп, Балиеваның позициясын бұрмалаумен болды. Өз кезегінде омбудсмен Зағипа Яхиянқызы қандай жағдай болмасын тек баланың құқығы бірінші орында екенін атап өтті. Осы резонанстық оқиғада анық аңғарылатын нәрсе – бұл саяси партиялардың белсенділігі төмендеп, жеке азаматтардың позициялары айқын көрініс тапты. Әлеуметтік желілерді еркін қолданатын азаматтар өз ұстанымдарын ашық білдірді. Әлеуметтік желілер: Facebook, Instagramm, ВКонтакте қолданушылары өз пікірлерін ашық жеткізе алды.
Еліміз халқының 77 пайызы интернетпен қамтамасыз етілгенін жыл басында ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Д.Абаев мырза мәлімет етті. Яғни, Әлемдік экономикалық форумның ақпаратына сүйенсек, республика аумағында интернет қолданушылардың саны әлем бойынша 36-орынды иеленген. Yvision.kz сайтының қолданушысы Самсон Безмятежныйдың мәліметінше, «ВКонтакте» желісінде қазақстандық 9 млн халық қолданады. Ал, «Facebook» әлеуміттік желісінде 1 млн-ға жуық адам тіркелген: 460 000 – ер азаматтар, 540 000 – әйелдер. Бұл көрсеткіштер жыл санап өсіп келе жатқанын айта кету керек.
Бұл тақырыпқа байланысты белгілі саясаттанушы, экс-дипломат Қазбек Бейсебаев былай дейді:
Әлеуметтік желілер азаматтық қоғам құруға түрткі болады. Әсіресе, егер үкімет жалпы азаматтық қоғамның мәселесін шешпесе. Басқаша айтсақ, үкімет жалпы азаматтық қоғаммен айналыспаса, онда әлеуметтік желілер қолға алады. Қазіргі жағдайда азаматтық қоғам жоқ деп айтуға болмайды, азаматтық қоғам бар. Азаматтық қоғам елімізде не болып жатқанын жақсы біледі. Бірақ оның ойы қандай, ұстанымы қандай белгісіз.
Ал, «Дат» газетінің бас редакторы Ермұрат Бәпидің пікіріне назар аударатын болсақ.
– Азаматтық қоғамның басты атрибуты – елдегі демократиялық институттар: тәуелсіз саяси партиялар мен БАҚ, қоғамдық қозғалыстар, үкіметтік емес ұйымдар / ҮЕҰ/, қоғаммен жұмыс істейтін мемлкеттік саясат жүйелері, т.б. Бұлардың толыққанды бірде-біреуі бізде жоқ. Партиялар – биліктік, БАҚ – байлаулы, ҮЕҰ-дың қызметі шектеулі, қоғамдық қозғалыстар қозғалыстар саясаттан оқшауланған. Демек, біздің елде толыққанды азаматтық қоғам жоқ. Оның үстіне, азаматтық белсенділік саяси қуған-сүргіннің объектісі. Ең бастысы – азаматтық қоғамның қалыптасуына мемлекеттік билік мүдделі емес. Себебі, оның танымындағы азаматтық қоғам – билікке таласушы, қоғамдық тұрақтылықты бұзатын тобыр. Бұл тобыр үстем халықтық ортақ қазыналы биліктің талан-таражға салуына, менмендігі мен әпербақан саясатына кедергі келтіретін әлеуметтік күш. Сондықтан қазақстандық биліке азаматтық қоғамның белсенді және халықтық мүддедегі қызметі қажет емес. Азаматтық қоғамның қалыптасуы елдегі адамның құқын сақтау талаптарын қажет етеді. Мұндай талап саяси режимнің менмендігімен үндесе алмайды. Яғни, қысқаша айтқандағы осы жағдаяттар биліктің азаматтық қоғамды жергөгінде тұншықтырып өлтіруге себеп болды. Демек, біздің қоғамда ауыз толтырып айтатын, азаматтық қоғам жоқ. Ал ондай қоғам жоқ жерде оның даму динамикасы туралы сөз айтудың өзі басы артық мылжың болады.
Қорыта айтқанда, азаматтық қоғам – мемлекеттің сенімді серіктесі бола алады. Демократиялы қоғам құруда азаматтардың белсенділігін ескере отырып, билік азаматтардың құқықтық дамуына мүмкіндік беру керек. Азаматтық қоғам – бұл оппозиция емес, сондай-ақ билікті тартып алуға ұмтылатын құбыжық қоғам емес. Азаматтық қоғам түсінігін жабайы анархиямен шатастырмау керек. Азаматтық қоғам – бұл адамның құқығы, өмірі, еркіндіктерін қорғайтын ұйым.
Салтанат Әшірбайқызы