15.04.2018, 14:50

Алматылықтар Қозы Көрпеш - Баян Сұлу күнін атап өтті

Әр жылдың 15 сәуірі елімізде ғашықтар күні деп белгіленген. Яғни, бұл күні барша қазақстандықтар Қозы Көрпеш - Баян Сұлу күнін атап өтеді. Осыған орай бүгін Алматылық жастар да бір-біріне деген ыстық сезімдерін білдіріп, айтулы күнді мерекеледі.

Романтикалық күнге орай Алматы қаласы жастар саясатын дамыту Мемлекеттік қоры Depo Evolution Park орталығында ғашық жандарға арнайы мереке ұйымдастырды.

Мұнда қол ұстасып келген жігіт-қыздардың денін Алматы жоғары оқу орындарының студенттері құрайды. Олар көңілді ойындар, lоve-story конкурстары, ең әсем би байқауы секілді шараларға қатысты. Жеңімпаздарға демеушілер «Kinopark» кинотеатрлары мен М.Әуезов атындағы драма театрына он-оннан билет, қала мейрамханаларында ғашық жұпқа арналған романтикалық кешкі ас секілді сыйлықтар берді.

Биыл күміс тойын тойлап жатқан жұбайлар жастарға бақытты өмірдің қыр-сыры туралы ойларын айтты, АХАТ қызметкері жұбайларды күміс тойымен құттықтады. Бұдан тыс, ғашықтарға «Almaty Music» шығармашылық ұжымы «Махаббат аллеясы» мюзиклін тарту етті.

Айта кетейік, Қазақстанда 2011 жылдан бері ұлттық ғашықтар күні тойланады. Ол қазақтың әйгілі «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» лиро-эпостық жырының кейіпкерлері арасындағы мөлдір сезім мен өшпес махаббатты дәріптейді.