Алматы әкімі Бауыржан Байбектің төрағалық етуімен қаланың барлық мердігерлік ұйымдары қатысқан мегаполистің көше-жол желілерін жөндеу мәселесіне қатысты кеңейтілген жиын өтті.
Биыл шаһарда 157 көшені жөндеу, сонымен қатар Мақатаев, Байтұрсынов және Жароков көшелеріндегі ұзындығы 15,7 шақырым болатын трамвай жолдарын жөндеуден өткізу жоспарланған.
Жиын барысында Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исаховтың айтуынша, қала бойынша жүргізілетін барлық жөндеу жұмыстары үстіміздегі жылдың қараша айында аяқталады. Сонымен қатар, 24 көшедегі жол жиектері толық жаңартылып, көшелердің 43 пайызында жол жиектері қайта жасалатынын мәлімдеді. Өз кезегінде шаһар басшысы аталған басқарманың жоспарын қатал сынға алып, жұмыстың нақтылы кестесін жасай отырып, жобалау әдістерін қайта қарауды тапсырды.
– Біз Алматыны «Адамдар үшін жайлы қала» қағидасы бойынша дамытудамыз. Сондықтан жұмыстарды жүргізген кезде кедергілерді барынша азайтып, уақытты қысқартқан жөн. Өткен жылы жолдарды жөндеу, жылу трассаларын жаңарту, орталықты жаңғырту жөнінде ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Бірақ жұмыс барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Әсіресе, тайм-менеджмент бойынша. Биылғы жылға жасалған жоспарда кейбір мердігерлердің жөндейтін жолдары небәрі 5 шақырым екен. Оны қараша айына дейін созудың не қажеті бар? Қыстың алдында тегіс асфальтты жол кімге керек?! – деп реніш білдірді Бауыржан Байбек.
Осылайша қала әкімі мердігерлердің бірнеше күн тас жолды қопарып, жол жиектерін бұзып, қайта тас жол төсейтін, ақыр-аяғы ұзаққа созылатын ескі әдістерден толық арылу керектігін қадап айтты.
– Жұмысқа кіріспес бұрын жөнделетін әр көше бойынша ақауы көрсетілген актілі фотоальбомды ұсыныңыздар. Жұмысқа барынша кешенді түрде қарап, әрбір аспектіні ойланып барып жасау керек. Мердігер кейбір жерлерде арық науаларын ауыстыру, қоршауларды, қараусыз қалған бағаналарды, бетон конструкцияларын, керексіз желілерді, бір сөзбен айтқанда, көзге бірден түсетін қоқысты алып тастау қажет екенін білуі тиіс. Сонда ғана іс бірнеше рет қайталап атқарылмайтын болады. Оның үстіне бұрыннан бар, жөні түзу жасыл желекті барынша сақтаған жөн, – деді қала әкімі Бауыржан Байбек.
Сонымен қатар, қалада бәз-баяғы қалпында дұрыс орналаспаған тұрақ қалталары жеткілікті. Тіпті, кейбір учаскелерде көлік иелері көліктерін бұрыштап қойып, қозғалыс желісінің өткізгіш қабілетін төмендетіп, апатты жағдайға ұрындырады. Мегаполис басшысы жол жөндегенде осы факторды ескеруді, тұрақ қалталарының бергі беттерін ғана абаттандыруды тапсырды.
Қала әкімі жол жөндеу барысында көшелердің жабылатын бөліктері туралы тұрғындарға дер кезінде хабарлау керектігін де айтты.
– Қандай жұмыстардың жүретіні және қашан аяқталатыны туралы түсінік берілу қажет. Компания басшыларының байланыс нөмірлеріне дейін жазылған толық ақпараты бар стенділер орнатылуы тиіс. Ақпараттық ресурстарда жұмыс кестесінің болғаны жөн, – деді әкім.
Жиын соңында шаһар басшысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бір апта ішінде жоспар жасауды, онда әрбір мердігер ұйымдардың қандай жұмысты қашан және қалай жүргізетіні, нақтылы мерзімі көрсетілуі тиіс деген тапсырма берді. Оңтайландырылған жұмыс кестесі келесі кеңесте ұсынылуы қажет. Осындай тапсырма қаланың энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасына да міндеттелді.