06.05.2018, 09:03

Атырау облысында орысша жер атаулары қазақшалана бастады

Атырау облысында екі ауыл мен бір ауылдық округ өз атауларын өзгертті деп жазады Қазақпарат.

«Ганюшкин кенті Құрманғазы ауылы болып өзгертілді, Дәшін ауылы - Хиуаз ауылы, Киров ауылдық округі - Жаңаталап ауылдық округі болып аталады», - деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева.

Ә.Қыстаубаеваның айтуынша, облысымыздың 3 білім беру мекемесіне ҚР Үкіметінің қаулысы бойынша жаңа атау берілді.

Атап айтсақ, Атырау қаласындағы №18 Н.Крупская атындағы орта мектепке  Хиуаз Доспанова есімі берілсе, сонымен қатар, Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжіне Сафи Өтебаев есімі және Мақат ауданындағы Доссор балалар өнер мектебіне Рыспай Ғабдиев есімі берілді.