Мемлекет басшысының тапсыруы бойынша Алматы әкімі Бауыржан Байбек Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Әдіш Әбдірайымовты мерейлі 100 жасқа толуымен құттықтады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Әдіш атаның өзі айтқандай, ол 1918 жылы 9 мамырда туылған. 1938 жылы Харьков фармацевтика институтына түседі, ал 1941 жылы Оңтүстік-Шығыс майданы 173-ші атқыштар дивизиясының жауынгері атанады.
Бергедорфтегі тұтқындық және Нойенгамме концлагеріндегі қиыншылықты бастан өткерген Әдіш Әбдірайымов үйіне тек 1947 жылы оралады.
1952 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетін «биолог» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Оқудан соң тәжірибе станциясының зертхана меңгерушісі болады және Оңтүстік Қазақстан облысындағы қазіргі Мақтарал ауданында мақтаның жаңа сорттарын шығарумен айналысады.
Бүгінгі күні Әдіш атаның төрт баласы, үш немересі және бір шөбересі бар.
«Мен барлықтарыңызды бүгінгі ерекше мерекемен құттықтаймын. Жер бетіндегі барлық адамдарға денсаулық, бақыт және өзара түсіністік тілеймін. Ең бастысы – аспанымыз ашық, адамдар бақытты ғұмыр кешуде. Қазіргі кезде Елбасымен бірге біздің халқымыз өзара достық пен келісімде бейбіт өмір сүруде. Қазақстан әрқашан гүлдене берсін, сіздердің ұрпақ соғыс пен оның зардабын ешқашан көрмесін және тартпасын», - деп атап өтті Әдіш Әбдірайымов.
Еске салсақ. бүгін Алматыда Мемлекет басшысы құрметті қарауылмен бірге Даңқ Мемориалы жанындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды және бір минуттік үнсіздікпен Екінші дүниежүзілік соғысында қаза болғандарды еске алды.Нұрсұлтан Назарбаев соғыс ардагерлерімен және тыл еңбеккерлерімен кездесті, олардың арасында Әдіш Әбдірайымов та болды.