10.05.2018, 06:06

ОҚО-да жұртты теракт жасауға үндеп жүрген «сақалдылар» ұсталды

Оңтүстік Қазақстан облысында жергілікті тұрғындарды теракт жасауға үндеп жүрген 8 адам ұсталды деп хабарлайды ОҚО ІІД баспасөз қызметі.

Күдіктілерді ұстау операциясын Ішкі істер департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері бірлесе жүргізген. Анықталғандай, ұсталғандар облыстың бірнеше ауданында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, жұртқа экстремистік идеология туралы аудио және видео материалдарды таратқан.

Қазіргі таңда күдіктілер қамауда. Олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.