Астанада ата-анасы іздеу жариялаған мектеп оқушысы аман-есен үйін тауып келіпті деп жазады Sputnik Қазақстан.
Бейсенбі күні тоғыз жасар Мейіржан “Алатау”спорт кешенінің ғимаратынан шығып, туыстарымен байланыс орнатпаған. Ұлдарының хабарсыз кеткеніне алаңдаған ата-анасы полицияға арызданған.
«Ол сабақтан ерте шығып, үйге автобуспен өзі қайтқысы келіпті.Ұлым үйге сағат 16.00-да өзі келді»,-деді баланың анасы.
Айта кетейік, тоғыз жасар оқушы шамамен төрт сағат бойы іздестірілді.
«Мейіржанды іздеуге қатысқан және бізбен бірге уайымдап, ұлымыздың тілеуін тілеген барлық жанға үлкен рақмет. Балам суда жүзуге қатысып жүрген болатын. Жаттығу кезінде жаттықтырушысымен ұрсысып қалыпты. Дайындықтан кейін әкесін күтпестен, ашулы күйінде Ильинка ауылындағы үйге өзі кетіп қалған. Ол бұған дейін ешқашан жалғыз өзі жүрмеген. Содан жолынан адасып, төрт сағатта үйді өзі тауып келді. Бұл жағдайға жаттықтырушыны кінәламаймыз. Себебі, біз өзіміз ұлымызға қаталырақ болыңыз деп кеңес берген болатынмыз»,-деп түсіндірді баланың анасы Ақмарал.