11.05.2018, 10:57

Назарбаев 1 апта бұрын лентасын қиған мешіт халық үшін енді ашылды

Бүгін Астана қаласында постмодернизм стилінде салынған мешіт ашылды. Алла үйінің ашылу рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты деп хабарлады ҚМДБ.

Салтанаты шарада Бас мүфти Серікбай қажы Ораз сөз алды.

"Бүгін – күллі мұсылман қауымының рухани өмірінде тарихи күн. Қасиетті Рамазан айының қарсаңында елімізде тұңғыш рет постмодернизм стилінде салынған мешіт есігін айқара ашты. Баламалы энергия көздерімен қамтамасыз етілетін нөмірі бірінші құтханамыз құтты болсын, ардақты ағайын! Біз мұндай нығметке елдігіміз бен ерлігіміздің, бірлігіміз бен тәуелсіздігіміздің арқасында жеттік. Аллаға сансыз мақтаулар болсын! Осы мешіттің салынуына қамқорлық танытқан, ел қамында жүрген Елбасы мен ел ағаларына Алла разы болсын!", – деді ол.

Бас мүфтиден кейін сөз алған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев жамағатты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. 

Айта кетейік, Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан мешіттің құрылысы 2016 жылы басталды. Жаңа мешіт қайырымдылық мақсатпен жиналған қаражат есебінен тұрғызылды. Мешіт ғимараты дәстүрлі өрнектер мен декоративті элементтер қолданыла отырып, постмодернизм стилінде салынған. Негізгі ғимарат күрделі әрі жартылай сфералық нысанды елестетеді. Оның қабырғалары үшбұрыштана сүйірленіп, диаметрі 26 метрлік күмбезбен жалғасқан. Мешіттің сыртқы дизайны гүлді әрі алмастың қырларын еске салады.

Мешіттің басты ғимаратының солтүстік жағында орналасқан мұнараның биіктігі – 43,5 метр. Ол "қалам" – "қасиетті қауырсын" түрінде бой көтерген.

Жаңа мешітті энергия қуатымен қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын баламалы энергия көздері қажетті мөлшерден үш есе көп электр қуатын өндіреді. Жаңа мешіт 750 адамға лайықталған.

Мешіт ғимаратының ауданы – 2248 шаршы метр. Орналасқан жердің ауданы – 1,44 га.

Дереккөз: Sputniknews.kz