$ 498.34  519.72  4.85

«Қателік жібердім»: Күйеуімен ажырасып кеткен әйел мұңын шақты

Жандос екеуміз университетте оқып жүргенде таныстық. Ол менен екі курс жоғары оқыды. Ол оқу бітірген соң қаладағы бір жеке фирмаға жұмысқа орналасты.

Оның мамандығы программист еді. Мен университетті бітірген жылы отбасын құрдық. Мен де қаладағы банктердің біріне өз мамандығым бойынша менеджер болып жұмысқа тұрдым. Біріміздің жалақымыз пәтер жалдауға кететін де, екіншіміздің тапқанымызды күнкөріске жұмсайтынбыз. Басы артық ақшамыз болмаса да, қызықты тұрмыс кешіп жаттық. Бәленің бәрі мен жүкті болуыма байланысты декреттік демалысқа шығып, үйде отырған кезден басталды.

Бұрын Жандостың жұмыстан қай уақытта келетініне аса мән бермейтінмін. Жұмыстан кейін достарымен кездесуге барса да қарсы болмайтынмын. Енді оның уақытын есептейтінді шығардым. Жұмыс пен үйдің арасында қанша уақыт жүретінін шамалаймын да, кешігіп қалса, есіктен кіру бойы сұрақтың астына алам. Ашуым басылған соң ғана ас берем. Әйелдерде жүктілік кезінде осындай мінез пайда болатынын ескертіп қоям. Ол өз кемшілігімді түсінгендік болса керек. Бірақ кешірім сұрауға іштегі бір күш жібермейді. Өзім де «бала тапқан соң мұндай қылықты қоятын шығармын» деп ойлайтынмын. Бірақ олай болмады.

Қызымыз туған соң отбасында қосымша проблемалар пайда болды. Күнде балаға бірдеңе қажет болып тұрады. Ол заттарды әкелетін адам керек. Ондай кезде жұмысында жүрген Жандосқа хабарласам. Ол жұмыстан шыға алмайтынын айтса, жатып ашуланам. Қажет заттарды жұмыстан кейін әкелгеніне ашуланып, үйде ұрыс-керіс жиілей бастады. Кейде ештеңе қажет болмаса да, жұмысына қоңырау шалып, Жандосқа не істеп жатсың деп сұраймын. Телефон шалғанымда орнында болмай шықса, ішіме пәле кіріп кетеді. Ондайда, жаңа қайда болдың, кіммен болдыңға басам. Жолдасымның «жұмыс телефонына хабарласпашы» деген өтінішін де ескермеймін. Оны қызметтестерінің алдында ыңғайсыз жағдайға қалатынын да ойлап жатпаймын. Алайда, ондай сәттерде Жандос мені үндемей жеңетін. Сөйтіп жүргенде ұрыс шығаруға жаңа себеп табылды.

Қызымыз туған соң қосымша қаражат қажет бола бастады. Балаға берілген ақшалай көмек алғашқы айларда отбасындағы қаржы жетіспеушілігін сездірмеген екен. Енді ақша жетіспеушілік деген проблема қосылды. «Ақшаны аз табасың» деп күнде ызыңдайтын болдым. Жандос болса, «жан-жаққа резюмесін тапсырып тастағанын» айтып жатса да тыңдамаймын. Ашуға булығып, «сенің қолыңнан ештеңе келмейді» деп, ауыр сөздер де айтқан кездерім аз болмады. Бір күні Жандос үлкен бір фирмадан жалақысы жақсы жұмыс ұсынып жатқанын айтып, үйге қуанып келді. Қандай шайтан түрткенін білмеймін, қуанып қолдаудың орнына «көрерміз» деп сенімсіздік таныттым.

Расымен де жаңа жұмыстағы айлық жалақысы бұрынғы айлық табысынан екі жарым есе көп екен. Неге екенін білмеймін, іштей қуанғанмен оны Жандосқа сездірмеуге тырыстым. Қуанышымды сыртқа шығармауым да жай емес екен. Жаңа жұмыс орнындағы қызметкерлердің басым көпшілігі қыздар болып шықты. Оған қоса Жандостың үйге кешігіп келуі жиілей бастады. Кейде 8-9 ға дейін жұмыста отырады (жұмыс телефонына хабарласып біліп отырам). Ол оны жұмыстың көптігімен түсіндірді. Бірақ мен «жұмыстан біреуді тауып алған шығарсың» деп тыңдамадым. Күйеуімнің жағасына жармасып жүріп, бір жылдың қалай өткенін де сезбей қалыппын.

Қызым жасына толған соң, ауылға анама беріп жіберіп, жұмысқа шықтым. Жұмысқа шыққан соң жөнсіз қызғаныш азайып, үйде ұрыс-жанжал тоқтайтын шығар деп ойлағам. Жандос та солай ойлаған екен (оны кейін айтты). Бірақ олай болмай шықты. Мен енді жұмыстан шыққан соң үйге емес, Жандостың жұмысына қарай тартатын болдым. Кейде екі сағатқа дейін күтіп тұрам. Ол аралықта он мәрте телефон соғам. Есік алдында тұрған күзетшілердің де мазасын алам. Жандос сол үшін басшыларынан да ескерту алыпты. Оған мән берер адам қайда?! Үйге кеш келген соң жол-жөнекей дүкеннен дайын бірдеңе ала саламыз. Демалыс күндері болмаса, басқа күндері үйде тамақ жасамаймын. Жандос бірдеңе айта бастаса, «сен істеп жүрген жұмысты мен де істеп жүрмін» деп беттен алам. Ондай кездердің бәрінде ол үндемей құтылады.

Солай жүріп Жандосты достарынан да айырдым. Жұмыстан кейінгі уақытты былай қойып, демалыс күндері достарымен бір жерге бармақ болса, айғай-шу басталады. «Достарыңмен жиналып қыздарға бармақсыңдар ғой» деп долданам. Ұрыс-жанжалдан шаршаса керек, ол достарымен қыдыру дегенді де қойды. Бірақ менің жыным онымен де басылмады. Ауылдан Жандостың туыстары келе қалса, қырын қабақ танытам. Ауырып тұрмын деп тамақ та жасамай жатып қалам. Шыдамның да шегі болатынын ұмытып, тек менікі дұрыс, менің айтқаным бола береді деп қателескен екем. Әттең, қателігімді кеш түсіндім…

Бір күні ауылдан келген ағасы мен жеңгесін пойызға шығарып салып келген Жандос менімен ажырасатынын айтты. Осы уақытқа дейін арадағы ұрыс-керіс ажырасуға апарар деп те еш ойламаппын. Бұрынғы долы мінезімнің қайда кеткенін білмеймін, «ажырасамыз» деген сөзді естігенде тілім байланып, есеңгіреп қалдым. Қас қағым сәтте отбасылық өміріміз көз алдымнан заулап өте шықты. Қанша қателік жібергенімді сол сәтте ғана ұқтым. Қателік жібергенімді түсінгенімді айтып, кешірім сұрадым. Бірақ Жандос «шыдамның да шегі бар, енді бәрі бітті» деп кесіп айтып, үйден шығып кете барды. Жандос есіктен шығып кетіп бара жатқанда жүрегімнің бір бөлшегі үзіліп кеткендей болды. Сол кезде ғана, Жандосты шын сүйетінімді, бақытымды бағалай алмағанымды түсіндім. Бірақ бәрі де кеш еді…

Арадан алты жылдай уақыт өтті. Қазір өз бақытымды бағалай алмағаныммен қоймай, қызымды әкесінен айырғаныма қатты өкінем. Бірақ бәрі де кеш. Енді ештеңені орнына келтіруге болмайды. Талай рет хабарласып, кешірім сұрағанмен Жандос қайырылмай қойды. Оны кінәлай алмаймын, өйткені оны сондай қатыгез еткен өзім. Жандоспен ажырасқаннан кейін екі-үш жігітпен кездестім. Бірақ олардың ешбірімен түсінісіп кете алмадым. Өйткені, олардың болмысынан Жандосты іздеймін. Бәлкім бұл Алланың маған берген жазасы шығар?! Әттең, қолда бар алтынның қадіріне жете алмағанымды кеш түсіндім.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары