$ 441.66  475.14  4.86

БҚО тұрғындарының дені өңірдегі діни ахуалға тұрақты деген баға берді

Батыс Қазақстан облысында 9 түрлі конфессияға бірігетін 77 түрлі діни ағым бар. Биыл жыл басынан бері өңірде миссионерлік қызметпен айналысып жүрген 7 адам анықталған. Десе де, жергілдікті тұрғындар болса облыстағы діни ахуалды тұрақты деп есептейді. Бұл туралы БҚО Дін істері жөніндегі басқарманың өкілдері мәлімдеп отыр.

Бүгінде өңірде барлығы 45 мешіт жұмыс істеп тұр. Олар түгелімен Қазақстан мұсылман діни басқармасына тиесілі, яғни исламның сүнниттік бағытын насихаттайды. Сонымен қатар, православтардың 19 шіркеуі, протестанттардың 11 мінәжат үйі, бір буддалық діни бірлестік және бір католиктер ұйымы бар.

«Діни әдебиеттер мен діни материалдар сатуға және таратуға арналған 16 нысан белшіленіп, бектіліген. Олардың үшеуі Орал қаласында болса, қалған 13-і аудандарда. Сондай-ақ, 4 намазхана жұмыс істеп тұр. Олар Жәнібек ауданындағы Ұзынкөл, Тал және Талов ауылдарында, Тасқала ауданындағы Шежін ауылында орналасқан. Бұлардан бөлек Зеленов ауданындағы Күшім ауылында православ ұстанушыларына арналған ғибадатхана бар», — дейді БҚО Дін істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Төлепов.

Жалпы, 2018 жылдың басынан бері өңірде 8 миссионер тіркелген. Атап айтқанда, Египеттен, Ресей Федерациясынан, Үндістаннан, Атыраудан бір-бірден, қалған үшеуі Польша Республикасынан келген.

Облыстық Дін істері жөніндегі басқарма өңірдегі діни ахуалды бақылауында ұстап келеді. Мәселен, 2017 жылы басқарма мамандары «БҚО жастарының діни деңгейі» және «БҚО-дағы діни ахуалдың мониторингі» тақырыптарында сауалнама жүргізген. Сауалнамаға қатысқан тұрғындардың басым көпшілігі өңірдегі діни жағдайды тұрақты деп есептейді екен.

«2017 жылдың екінші жартысында жүргізілген сауалнама барысында халықтан "өңірдегі діни ахуалды қалай бағалайсыз?" деп сұрадық. Сауалнамаға қатысқандардың 82,2 пайызы тұрақты деп жауап берді. Сондай-ақ, облыс аумағында дәстүрлі емес ислам ағымдарының қатары артуының себебін де сұрап көрдік. Тұрғындардың 41%-ы мұны діни сауатсыздықтан деп есептейді. 19 пайызы отбасындағы діни тәрбиенің болмауынан десе, 7 пайызы жастардың өтпелі кезеңімен түсіндіргісі келді, тағы 13 пайызы мұның басты себебі қоғамдағы әлеуметтік және мәдени көзқарастардың өзгеруінен дейді, 3 пайызының пікірінше, діндегі рәсімдер мен құпияларға қызыққан жастар адасады екен. Ал, шетелдік уағызшылар жақсы жұмыс істеп жатыр деген пікірді сауалнамаға қатысқандардың 8 пайызы таңдады, қалған 3 пайызының пікірінше, дәстүрлі діндерге деген қызығушылықтың төмендеуі дәстүрлі емес ағымдардың кең етек жаюына себеп болған екен», — дейді Азамат Төлепов.

Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі халықтың қауіпсіздігіне келгенде мемлекеттік органдар жұмыстарын жоғары деңгейде атқарып жатыр деп есептейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары