$ 498.34  519.72  4.85

БҚО-да теріс діни ағымдармен халықтың сауатын арттыру арқылы күресуде

Қазақстандықтардың, оның ішінде жастардың теріс діни ағымдарға еріп кетуінің ең бірінші себебі - діни сауатсыздық. Мұны имам-молдалар да, теолог-ғалымдар да айтып қойған. Елімізде соңғы бірер жылдан бері осы кемшіліктің орнын толтыру мақсатында ақпараттық түсіндіру топтары жұмыс істеп жатыр. Мамандар Батыс Қазақстан облысында да халықпен кездесулер өткізіп, олардың діни сауаттылығын арттырумен айналысуда. Ал, күні кеше Оралда осы ақпараттық топтардың құрамында жүрген мамандардың басын қосқан семинар өтті. Оған барлығы 50-ден астам адам қатысты.

Семинарды БҚО Дін істері жөніндегі басқармаға қарасты Дін мәселелерін зерттеу орталығы ұйымдастырып отыр. Қатысушыларға халықпен қалай жұмыс істеу керектігін "Нұр-Мүбәрак" ислам мәдени университетінің аға оқытушысы Оралхан Сейдманов, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының БҚО бойынша өкілі Еркебұлан Қарақұлов және облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы тұру комиссиясының өкілі Талғат Нығметов үйретті.

Семинар барысында конфессияаралық диалогта дәстүрлі исламның ролі, дәстүрлі мен дәстүрлі емес діни ағымдардың айырмашылығы, деструктивті ағымдарға қарсы тұру сынды мәселелер айтылып, мамандар пікір алмасты.

- ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлімен 2018 жылдың қаңтар айында бекітілген "Жол картасы" аясында, ақпараттық түсіндіру тобы мүшелерінің біліктілігі мен жұмыс істеу сапасын анықтау мақсатында аттестация өткіздік. Соның нәтижесінде топ мүшелерінің саны қысқарды. Басты екпінді жүргізіп жатқан жұмыстарымыздың сапасына қоюды жөн санадық. Бізге негізінен деструктивті діни ағымдарға қалай қарсы тұрамыз, жалған уағызшылардың қармағына түсіп қалмау үшін не істеу керек, экстремизм мен терроризмнің алдын алу жолдары қандай деген секілді сұрақтар қойылады. Ал, біз бұл сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, халықтың діни сауаттылығын арттыруды көздейміз. Жуырда ғана Зеленов ауылында осы мақсатпен мұғалімдер арасында семинар өткіздік. Қазір біздің облысқа тағы 10 теолог жетіспейді. Олар ауылдар тұрғындарымен жұмыс істеуі керек, - дейді БҚО Дін істері басқармасы дінтанулық сараптама, мониторинг және ақпараттық талдау бөлімінің бас маманы Жәнібек Мұқателов.

Кәсіби білікті теологтар әсіресе Сырым, Зеленов және Жаңа қала аудандарына қажет.

- Ауылдық жерлерде жұмыс істеп жатқан мамандар діни білімді университетте емес, медреселерде алған. Биыл өңірімізге "Нұр-Мүбәрәк" университетін бітірген 5 түлек келеді деп күтілуде, — дейді БҚО Дін істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Төлепов.

Дін мамандарының айтуынша, дәвстүрлі емес ағымдардың кең етек жаюына ең бірінші себеп - тұрғындардың діни сауатсыздығы. Сонымен қатар, экономикалық тұрақсыздық, күйзеліс, отбасындағы тәрбиенің дұрыс болмауы секілді факторлар да бұған әсер етеді. Сонымен қатар, дәстүрлі мен дәстүрлі емес діни ағымдарды ажырата алмайтындар да елімізде аз емес.

- Ақпараттық түсіндіру топтары жастар мен ересектердің діни сауатын арттыру мақсатында жұмыс істеп жатыр. 2018 жылдың бірінші тоқсанында осынау топтар облыс аумағында барлығы 704 іс-шара өткізіп, 25 мың адамды қамтыды. Осы кездесулердің 304-і жастарға арналған (11 мың адам). Топ мүшелері ұжымдық кездесулер, семинарлар, тренингтер және жекелей кездесулер өткізеді. Тұрғындар болса топ өкілдерімен тығыз байланысып, өз проблемаларын айтып, шешу жолдарын талқылайды, — дейді Д.Мұқателов.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында барлығы 140 адамнан тұратын 14 ақпараттық түсіндіру тобы жұмыс істейтід. Олардың 12-і аудандарда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары