$ 498.34  519.72  4.85

БҚО-да теріс діни ағымдардың әрекетіне ҮЕҰ-дар қарсы тұрады

Деструктивті діни ағымдармен күрес және олардың алдын алумен бүкіл елде жұмыстар жүргізіліп келеді. Орал қаласында дәл осындай жұмыстармен 13 қоғамдық ұйым айналысуда.

Батыс Қазақстан облысында дін саласында барлығы 13 үкіметтік емес ұйым жұмыс істеп келеді. Мәселен, "Жайық жастары" — Оралда, "Таным" — Ақжайық ауданында, "Сырым" — Сырым ауданында, "Парасат" — Бүрлі ауданында, "Бірлік" — Теректі ауданында, "Руханият" — Тасқала ауданында, "Шапағат шамшырағы" — Зеленов ауданында, "Ізгілік" — Қаратөбе ауданында, "Кәусар" — Жәнібек ауданында, "Сенім" — Шыңғырлау ауданында, "Ақниет" — Қазталов ауданында, "Шапағат нұры" — Бөкейорда ауданында және "Руханият" Жаңа қала ауданында теріс діни ағымдармен күрес жүргізіп келеді.

— БҚО бойынша Дін істері басқармасы 2017 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында алғаш рет әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Ол жобаның аясында "Аманат-Жайық" қоғамдық қоры барлығы 1500 іс-шара өткізіп, 63 мың адамды қамтыды, — дейді БҚО Дін істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Төлепов.

Мамандар облыстың барлық ауданы мен Орал қаласында теріс діни ағымдарға бейім азаматтармен кездесу өткізіп, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Халықпен білікті теологтар, дінтанушылар және азаматтық қоғам мүшелері жұмыс жүргізіп келеді. Әсіресе, радикалды діни ағымдарға кіріп кеткен азаматтармен, әйелдер жамағатымен, жұмыссыздармен, базардағы сатушылармен, қоғамдық көлік қызметінде жұмыс істейтін жұмысшылармен, оралмандармен, бұрынсотталған азаматтармен, шалғай ауылдардың тұрғындарымен тыңғылықты жұмыстар жүргізіліпті. Алдын алу шаралары орта және жоғары білім беру мекемелерінде, жатақханалар мен интернаттарда әлі де жалғасып келеді.

— 2017 жылдың 11 қыркүйегі мен 11 қазаны аралығында облыстық прокуратурамен бірлесе "Тұрақтылық — қауіпсіздік кепілі" жобасы аясында діни ахуалдың күрделене түсуіне байланысты Жаңа қала, Теректі, Бүрлі, Сырым, Ақжайық, Зеленов аудандары мен Орал қаласында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әрбір ақпараттық топқа 11 түрлі тақырыптық тарату материалдары әзірленді. Олардың барлығының саны 13 250 дана және барлығы да халыққа таратылды. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында 300 іс-шара өтіп, 10 мыңнан астам адам қамтылды. Теріс діни ағымдарға кіріп кеткен 93 адаммен жеке кездесулер өтті, — дейді Азамат Төлепов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары