$ 498.34  519.72  4.85

БҚО-да діни салада кәсіби білімі бар мамандар тапшы

Батыс Қазақстан облысындағы ата-аналар өз балаларын дінтану мен исламтануды және дәстүрлі исламды үйрететін оқу орындарына жібермейді. Соның салдарынан қазір өңірде дін саласында кәсіби білікті кадрлар жетіспейді.

— Жергілікті кадрларды даярлау барысында тұрғындардан қолдау көрмей отырмыз. Атап айтар болсам, 2017 жылы "Нұр-Мүбәрәк" ислам мәдени университетіне Батыс Қазақстан облысынан небәрі 30 бала құжат тапсырып, солардың тек 19-ы ғана емтиханнан сүрінбей өтті. Ол аз десеңіз, 11 баланың ата-анасы балаларының діни білім адуына қарсы болып, оқуға жібермей қойған. Кадр тапшылығын жою үшін біз бірінші халықпен жұмыс істеуіміз керек, оларға "дінтану", "исламтану" секілді мамандықтардың бар екенін түсіндіріп жатырмыз. Бұл мамандықтар ҚР Білім және ғылым министрлігінің тізімінде", — дейді БҚО Дін істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Төлепов.

Жергілікті тұрғындар болса облыста діни ахуал тұрақты деп есептейді. Ал, теріс діни ағымдардың жетегінде кетіп жатқан жастардың артуына діни сауатсыздық себеп деп есептейді батысқазақстандықтардың көпшілігі. Өңірде жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың 41 пайызы осылай жауап беріпті. Тағы 19 пайызының пайымынша, отбасындағы тәрбиенің дұрыс берілмеуі салдарынан қазіргі жастар теріс ағымдардың жетегінде кетіп жатады екен. Ал, олардың бетін бері қаратумен айналысатын мамандар БҚО-да өте аз.

— 2017 жылы біздің облыстан "Нұр-Мүбәрәк" университетіне барлығы 30 бала құжат тапсырды. Емтихан нәтижесінде олардың 17-і тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, қазіргі таңда облыс әкімінің гранты есебінен тағы 3 бала сол оқу орнында білім алып жатыр. Қазір біздің облыстан аталған университетте барлығы 40 бала білім алуда. Ал, шетелдегі діни оқу орындарында 5 баламыз бар, екеуі Түркияда, екеуі Египетте, тағы бірі Сауд Арабия корольдігінде оқып жүр. Сонымен қатар, 73 бала еліміздегі медреселерде діни білімін жетілдіріп жатыр, — дейді А.Төлепов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары