29.04.2018, 04:51

Оралда теріс діни ағымдарға бейім студент жастармен теолог мамандар жұмыс істеуде

Теолог ғалымдар мен азаматтық қоғам өкілдері дін ұстанатын жастармен кездесулер өткізіп, оларға зайырлы білім алуды шетке ығыстырмау керектігін түсіндіруде.

Сәуір айында Оралдағы студент жастармен "Нұр-Мүбәрәк" университетінің докторанты, Мүфтият жанынан құрылған ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Оралхан Сейдманов кездесіп, оларға деструктивті діни ағымдар туралы лекция оқыды. Ол Алматыдан Оралға БҚО Дін істері басқармасы жанынан құрылған Дін мәселелерін зерттеу орталығының шақыртуымен келіп отыр. Маманмен кездесуге теріс діни ағымдарға бейім және ислам дінін өте берік ұстанатын жастар келді.

Оралхан Сейдманов болса жастарға діни және зайырлы білімді қатар алудың жолдарын түсіндіріп, қайсысы маңыздырақ екеніне тоқталып өтті. Оның айтуынша, ислам дінінің өзінде ғылымға баса мән береді. Ислам адамзатты ілім үйренуге шақырады. Сондықтан, зайырлы оқу орындарында ғылым мен білім үйренуді ысырып қойып, тек діни ілім үйренудің соңы – адасуға алып келуі мүмкін дейді теолог.

Әрбір мұсылман баласы өзінің техникалық және гуманитарлық салада алған білімі арқылы өзгелерге көмектесуге міндетті. Осылайша дін ұстанған адамның өзі қоғамға өз пайдасын алып келеді. Исалм дінінің көздеген мақсаттарының бірі де осы дейді мамандар.

– Студенттердің ең бірінші мақсаты – өздері оқып жатқан мамандықтары бойынша білім алу. Олар алған білімдерімен шектеліп қана қоймай, оны одан әрі дамыту, жетілдірулері керек. Бұл ислам дінінде де, өзге де дәстүрлі діндерде айтылып кеткен. Өкінішке қарай, қазіргі жастардың біразы осы мәселеге келгенде қателесіп жатады. Олар Алланың алдына барғанда тек діни ілім ғана көмектеседі, ал зайырлы білімнің қажеті болмай қалады дегенге сенеді, – дейді БҚО Дін істері басқармасының теолог маманы Қаратай Айболатұлы жастармен болған кездесу барысында.

Айта кету керек, дәл осындай жастармен болатын кездесулер Батыс Қазақстан облысында жиі өтіп тұрады. Мақсат – жастардың теріс діни ағымдарға еріп кетуінің алдын алу. Сондай-ақ, осындай кездесулерде дәстүрлі емес ислам ағымдарын қалай тануға болатынын да үйретеді.