07.07.2015, 18:00

Бюджет қаржысын жымқырған азаматқа қатысты сот үкімі шықты

Фото: money.gazeta.kz

Шымкент қаласындағы Әл-Фараби аудандық соты жуырда бюджет қаржысын жымқырған деген айып тағылған «Тұрғын үй» МКК-ның бұрынғы директоры Н.Төрежановқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі мәлім етті.

Шымкент қалалық Әл-Фараби аудандық прокуратурасы Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының орындалуы бойынша жүргізген тексеруі барысында «Тұрғын үй» МКК-ның бұрынғы директорының бюджет қаржысын жымқырғанын анықтаған. Н.Төрежанов «Тұрғын үй» МКК-ның директоры қызметін атқарған кезінде  Шымкент қаласындағы Тәуке хан даңғылы, №33 үйдің 1,2,3 корпустарындағы 8 лифтіні демонтаждаған деген негізбен жеке кәсіпкер Н.С.Анарбековтің жалақысына төленді деп 2 млн. теңге бюджет қаржысын өзі жымқырған. 8 лифтіні демонтаждау жұмыстарын жеке кәсіпкер Н.С.Анарбеков емес, «Эдесса Инжиниринг» ЖШС атқарған.

Әл-Фараби аудандық прокуратурасы бұл факті бойынша 21.02.2015 жылы ҚР ҚК-нің 176-бабының 3-бөлігінің «б,г» тармақтары және 325-бабының 1-бөлігімен сыбайлас жемқорлық санаты бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесі бойынша қылмыстық іс 08.05.2015 ж. айыптау актісімен сотқа жолданған.

Сотының бюджет қаржысына қол сұққан мекеме директорын ҚР ҚК-нің 176-бабы 3- бөлігінің «б,г» тармақтарымен кінәлі деп танып, жеке мүлкін тәркілеп, мемлекеттік органдарда 5 жылға қызмет ету құқығынан айырды, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

ҚР ҚК-нің 58-бабының 6-бөлігімен түпкілікті жаза, ҚР ҚК-нің 176-бабы 3-бөлігінің «б,г» тармақтарымен кінәлі деп танылып, жеке мүлкін тәркілеу, мемлекеттік органдарда 5 жылға қызмет ету құқығынан айыру, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Бірақ, ҚР ҚК-нің 325-бабының 1-бөлігіне сәйкес ескіру мерзімінің өтуіне байланысты  қылмыстық іс өндірістен қысқартылған.

Алайда, мемлекетке келтірілген залал - 2 000 000 теңге бюджетке кері қайтарылған.