Шымкенттегі хайуанаттар бағының жұмысшылары ашулы. Олар ОҚО Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің төрағасы Мелес Сейітжановтың қызметінен кетуін талап етіп отыр. Айтуларынша, кеңес төрағасы зообақта істейтін жұмысшылар жан-жануарлардың вирусын таратуы мүмкін деп мәлімдеген.
Өздерінің реніштері мен талаптарын зообақ ұжымы Facebook әлеуметтік желісіндегі «Шымкент Зоопарк» парақшасына жазған.
«ОҚО кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің төрағасы Мелес Сейітжанов Шымкент зообақ ұжымындағы қызметкерлер ауру таратушы, олар қоғамдық орында жүрмеуі керек деп айтты. Бүкіл ұжымға күйе жаққаны үшін Мелес Сейітжанов кешірім сұрап, қызметтен кетуін талап етеміз», - делінген аталған жазбада.
«Оның айтуы бойынша жануармен жұмыс істейтін адам инфекция таратушы болып есептетелі екен, сонда жұқпалы аурулар ауруханасында және туберкулезге қарсы диспансеріндегі қызметкерлердің бәрі инфекция таратушы болғаны ма?» - дейді Мелес Сейітжановқа ренжіген зообақ ұжымы.
Белгілі болғандай, «мектеп асханаларын кім көрінген тексере бермесін» деп шулаған асхана иелері Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің төрағасы Мелес Сейітжановқа шағымданған көрінеді. Айтуларынша, қарапайым блогерден бастап, депутаттарға дейін асхана жағалап, тазалықты тексеруді әдетке айналдырыпты. Тіпті, жұмыс істеуге мұрша бермейді дейді олар. Сөздеріне дәлел ретінде Шымкент зообағы директорының асханада тамақтарды тексеріп жүрген суретін көрсеткен. Мелес Сейітжанов болса осы сәтті пайдаланып:
«Зообақ директоры жан-жануарлармен жұмыс істейді, соған қарамастан үстіне арнайы киім кимей асханаға кіріп жүр, ол түрлі аурулардың таратушысы болуы да мүмкін ғой, солай емес пе?» - деп атап өтті.
Төрағаның осы сөзіне ашуланған зообақтың барша ұжымы енді одан кешірім сұрауды және қызметінен кетуді талап етіп отыр.