Қазақстандықтар БАӘ-дегі Шардж қаласында орналасқан Sheraton қонақүйінде жаппай уланды деп хабарлайды Тengrinews.kz.
Уланғандардың арасында Астанадан барған үш балалы отбасы бар болып шықты. Отағасы Асылбек Мұхамбеткереевтің айтуынша, олар Әмірліктерге 8 мамырда бір аптаға келген. Келесі күні ол таңғы ас ішіп, осы астан уланып қалған. Мұхамбеткереевтің сөзінше, қонақүйде 600-дей турист демалып жатқан. Олардың жартысы ТМД азаматтары.
"Уланудың алғашқы белгілері 10 мамырда таңғы сағат 04.00-те анықтала бастады. Ресейден барған отбасылардың бірі дәрігер шақыртқан. Емханада оларға дене қызуының көтерілуіне қарсы парацетамол ішуге кеңес берілген. Біздің отбасы 10-ы күні шоппингке барып, улану белгілері сонда анықтала бастады: әлсіздік, іш өту, жүрек айнуы. Қонақүйге келіп, адамдардың жаппай уланғанын білдік. Қазақстаннан барған 40-50 отбасынан кем дегенде 30-40 адам уланды, олардың ішінде балалар да бар. Жалпы Ресей, Украина және Беларусьтен 200-дей адам. Бұл біз білетіндері ғана. Қанша шетелдік туристің таңғы асқа берілген ботқаны ішкені анық емес", - дейді Асылбек. Ер адамның айтуынша, уланғандардың көбі сол таңғы аста ірімшік қосылған омлет, ірімшік және қайнаған жұмыртқа ішкен. Мұхамбеткереевтің сөзінше, ол отбасымен демалыс бітпей жатып, бірден отанға оралғысы келген, алайда қайтарға ұшақ болмаған. Сондықтан отбасы демалыс уақытының аяқталуын күтіпті.
"Бүкіл қонақүй ауырып қалды. Туристер дәрігерлерді сақтандыруы бойынша шақыртып жатты, дәрігерлер жетіспей жатты, 2-3 сағаттан соң бірақ келіп жатты. Шыдатпаған соң біз де шақырттық. Бірақ бізді қараған дәрігер шала-пұла тексеріп, аурухана қағазына үшеумізді ғана жазды. Соған қарағанда, уланған адамдардың нақты санын азайтып көрсеткісі келді. Дәрігер күзетпен келіп, артық ештеңе айта алмады. Бәрі де қатаң болды", - деді ер адам.
Абырой болғанда, сапар аяқталуға жақындағанда отбасының денсаулығы жақсарыпты. Алайда Астанаға келгеннен кейін 1,5 жастағы кенже баласы жансақтау бөліміне жатқызылған. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің қарауында. "WhatsApp-та топ құрып, Ресей, Украина және Беларусь елдерінің туристерімен байланысқа түсіп жатырмыз, бізге "Сельманез" деген диагноз қойылды, осындай диагноз Алматыдан барған отбасыға да қойылыпты. Күш біріктіріп, моральдық және материалдық шығынды өтеуін талап етеміз. Сондай-ақ, демалысқа кеткен шығынды қайтарсын, себебі жылдап жинаған көп күттірген демалысымыз ойдағыдай болмады", - дейді астаналық.