07.07.2015, 18:00

Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы

Фото: kapital.kz

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ОҚО бойынша департаментінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілердің төл мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Skifnews тілшісі.

«Түркістан» сарайында өткен басқосуға облыс әкімі А.Мырзахметов, облыстық басқарма басшылары мен әр саладағы мемлекеттік қызметшілер қатысты. Мың бұралған бишілердің өнерімен ашылған сахна шымылдығы мемлекеттік қызметшілердің төл мерекесіне үлкен тарту болды.

Салтанатты жиында облыс әкімі А.Мырзахметов мемлекеттік қызметшілерді төл мерекесімен құттықтады.

– Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы. Кәсіби мерекелердің ішінде Мемлекеттік қызметшілер күнінің орны бөлек. Бүгінде облыста 8229 мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Олардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде мемлекеттен облысқа жүктелген міндеттердің барлығы жоғары дәрежеде орындалып жатыр. Өңір мамандарының әрдайым мемлекетке, халыққа берген антына адал болып, мемлекеттік қызметті табысты атқаратынына сенімдімін, – деді Асқар Исабекұлы.

Құттықтаудан соң облыс әкімі А.Мырзахметов Мақтаарал ауданы Ынтымақ ауыл округінің әкімі Марат Ауаш пен облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Телғараевқа ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін табыстады. Сондай-ақ, бірқатар облыстық басқармалар және департамент бөлімдерінің басшылары ОҚО әкімінің Грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты жиын барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ОҚО бойынша департаментінің басшысы М.Ахметов мемлекеттік қызметшілерді құттықтады. М.Ахметов сөз соңында облыс әкімі А.Мырзахметовке ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаровтың құттықтау хатын табыстады. Онда: «Құрметті Асқар Исабекұлы!

Сізді және өңірдегі барлық мемлекеттік қызметшілер ұжымдарын кәсіби мерекелері – Мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтаймын!

Біз өз өмірін аса маңызды миссияға – халыққа қызмет етуге арнағандарға, сондай-ақ Отанға және оған қызмет етуге адал болған мемлекеттік қызметтің ардагерлеріне ыстық ықыласпен алғысымызды білдіреміз.

Биылғы жыл біздің республикамыз тарихында институционалдық реформаларды шешуімен ерекшеленеді. Біздің алдымызда заман талабына сай кәсіби мемлекеттік қызметті жүзеге асыру міндеті тұр.

Кәсіби мерекенің жоғары идеясы – мемлекеттік қызметті жаңа жетістіктер мен жеңістерге жеткізуге ықпал етеді деп сенемін. Сіздерге және отбасыларыңызға мықты денсаулық, бақыт, Отанымыз – Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуі жолындағы қызметтеріңізге табыс пен жетістіктер тілеймін!» делінген.

Сонымен қатар, өңірдің бірқатар мемлекеттік қызметшілер ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ОҚО бойынша департаментінің Құрмет грамотасымен, «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалының және облыстық мәслихаттың Алғыс хаттарымен марапатталды. Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Д.Шерімқұлов екі мемлекеттік қызметшіге «Манкент» шипажайына жолдама тарту етті.

ОҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы А.Үмбетәлиевке мемлекеттік қызметшілер арасында өткен спартакиаданың ауыспалы кубогі тапсырылды. Дәстүрлі түрде өткізілетін спартакиадада аталмыш департамент ұжымы командалық есепте бірінші орынды иеленген.

Салтанатты жиын соңы концертке ұласты.