17.05.2018, 10:43

Еркектерді аямаңыз: Бойжеткен тұрмысқа шыққысы келетін қыздарды бірнеше жігітпен жүруге шақырды

Отандық журналист Арай Әлімхан тұрмысқа шыққысы келетін қыздарды бірнеше жігітпен жүруге шақырды. Алайда ару жігіттердің бәрімен төсектес болудың қажеті жоқтығын ескертуде деп жазады NUR.KZ.

Бойжеткен тұрмысқа шыққысы келетін қыздарға өз кеңесін желі парақшасында жария еткен.

"Тұрмысқа шықпаған қыздарға арналған жазба. Бүгінде дұрыс қарым-қатынас құра алмай жүрген жастар көп. Біздің аналарымыз мектепте, университетте жігіттермен кездесуге қарсы бола тұрып, диплом қолға түскенде "тұрмысқа шық" дейтіні таң қалдырады.

Ондай аналардың дені қатал келеді. Құрбыларым да асығыс тұрмысқа шығып, бала тауып, кейін ажырасып жатады. Қыздар бірінші кездескен жігітке жармасып, оған тұрмысқа шығуға асығады. Бұл үлкен қателік.

Ерте тұрмысқа шыққан немесе тым тәрбиелі болған қыздар әдетте некеде бақытсыз болады. «Бірінші бақ - бақ» деп алғашқы жігітіне тұрмысқа шыға салады. Содан кейін отбасылық зорлық-зомбылыққа, күйеуінің және оның туыстарының жиіркенішті қарым-қатынасына шыдап жүре береді.

Сонда, қалай істеген дұрыс дейсіз бе? Түрлі жігіттермен кездесу керек. Ақылмен және зейінмен таңдау керек. Бұл дегенің бірімен киноға барып, сүйісіп, екіншісімен төсекке жату керек дегенді білдірмейді. «Күліп қойып, беріп қойып» жүре бергенді насихаттап отырған жоқпын.

Керісінше, дұрыс қарым-қатынас орнату керек. Бір рет кез келген жігітпен кездесуге баруға болады. Бұл сізді ештеңеге міндеттемейді... Кездесу кезінде әңгімеге тартып, оны бақылаңыз.

Оның қызметшілермен қалай сөйлесетіні, анасы және отбасы туралы не айтатыны маңызды. Бұрынғы сүйіктісін жамандайтын жігіттерден абайлаңыз. Кездесуде ол туралы жақсы ойда қалсаңыз, бәрі дұрыс деген сөз.

Ал оғаш әрекетті байқасаңыз немесе бір жайтқа көңіліңіз толмаса, ойланбастан қарым-қатынасты тоқтатыңыз. Еркектерді ешуақытта аямаңыз", - деп ойын түйді ол.