26 маусымда Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының ұйымдастыруымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жаңа тарихи жағдайда одан әрі дамыту негіздері» тақырыбында мекемеаралық семинар-кеңес өткізілді, деп хабарлайды Skifnews.kz тілшісі.
Жиынға судьялар ғана емес, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің қызметкерлері де қатысты. Семинар барысында екі құзырлы мекеме мамандары «100 нақты қадам» жүктеген міндеттерді талқылай келе, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жолдарын ортаға салды.
Мемлекет басшысы ұсынған бес институционалдық реформаның алғашқы бөлімі кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесіне арналған. Аталмыш Ұлттық жоспарда Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мақсатында жаңа заңнамалар әзірлеу, жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру секілді мәселелер қамтылған.
Жиында соттар мен департамент мамандары азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету, сот жүйесі инстанцияларын жеңілдету, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту, оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, судьялардың жаңа этикалық кодексін жасау мәселелерін де талқылады.