«Жол қозғалысы» заңына енгізілген түзетулер алдағы дүйсенбіден бастап күшіне енеді. Құжат бойынша, енді көлік шамын күндіз жағу міндеттелмейтін болды.
Бұдан бөлек, су жаңа көліктердің 7 жылға дейін техникалық байқаудан өтуі міндетті емес. Оған қоса бұрындары жолаушыны тек аялдамадан түсіру заңмен бекітілген болса, жаңа өзгеріске сай, бұл ереже де алынып тасталды. Бұл жаңашылдықтарды бүгін Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция мамандары БАҚ өкілдеріне түсіндірді.
“Өзгертулер заңды түрде 2015 жылдың 1 қаңтарында қабылданып, күшіне енген. Қазіргі уақытта біз заңға сәйкес жол қозғалысы ережесін жүргіземіз. Ең алдымен – сенім хаттар алынып тасталды, көлікті техникалық тексеруден өткізу мерзімі 4 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. Сондай-ақ, арнайы орындардан басқа жерге көлік қалдыруға болмайды деген талап алынып тасталды”, – дейді ІІМ әкімшілік полициясы комитетінің басқарма бастығы Қанат Сәдуақасов.
Бұл жаңалыққа әсіресе, былтырдан бері арнайы аумақта тұрақ белгісін таппай, кешке дейін көшені шыр айналатын мегаполис жүргізушілері дән риза. Олар бұрын автотұрақ мәселесі қиын болағанын, енді қалаған жерге көліктерін қоя алатынын қуана атап өтті.
Айтуларынша, шілденің 13-нен күшіне енетін жол ережесі, алдымен жемқорлықты ауыздықтамақ. Олар өзгерістер мен толықтырулар көлік қозғалысындағы көп кедергіні ретке келтіретініне сенеді.