Ақтөбе облысының тұрғыны, кәсіпкер Бағила Бекішева мүгедек қыздың отбасына 2 бөлмелі пәтер сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ауыл тұрғынының мүшкіл хәлін көрген ақтөбелік кәсіпкер Сәуле Дәулеталина отбасыға 2 бөлмелі пәтерді сыйға тартты.
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында тұратын Бағила Бекішева бір отбасыны өзі асырап отыр. Күйеуі Алдаберген Бекіш жасы 60-тан асқан соң тұрақты жұмыс таба алмай жүр. Әрі бойдан күш кеткенде ауыр жұмыс істей алмайды. 6 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, «Алтын алқа» алған ана туа бітті сал ауруына шалдыққан қызы Гүлшат Бекішеваны да бағып отыр. Күйбең тірлікке салынып, тары қуырып, оны диірменге тартып, талқан сатып, тамағын тауып жүргенде мүгедек қызын да емдете алмады. Ал жалғыз ұлы жүрек ауруына шалдығып, ота жасатты. ІІ топ мүгедегі ауыр жұмысқа жарамсыз. Бұл отбасының жағдайын білген кәсіпкер әйел Сәуле Дәулеталина Рамазан айында 2 бөлмелі пәтерді сыйлады.
«Өзім Шалқар ауданының қызымын. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы мән-жайды айтқан соң әлеуметтік жағдайы төмен, мүгедек балалары бар анамен, отбасымен кездестім. Газы жоқ үйде тұрады. Ешкім тұрақты жұмыс істемейді. Мүгедек балаларының зейнетақысы мен анасы Бағила Бекішеваның тары-талқан сатып, тапқан табысымен күнкөреді. Оларды көріп, жүрегім ауырды.
Жағдайын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Рамазан айында қайырымды іс жасауға бекініп, мүгедек қызы үшін 2 бөлмелі пәтер алып бердім. Алдағы уақытта азық-түлік жеткізіп, 18 жасқа келген Гүлшат Бекішеваға сауықтыру шараларын ұйымдастырамын»,- деді кәсіпкер. Кәсіпкер мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында ауданға сауықтыру кешенін салып, 18 жастағы Гүлшатты тегін емдемек.