Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары барысында Орталық мәдениет және демалыс саябағының айналасын қарап шықты. Басқарушы компания 1,6 млрд. теңге жеке инвестиция бөлінген реконструкцияның кешенді жоспарын көрсетті.
Жаңарған саябақ аймақтарға бөлінеді, мұнда тегін скейтодром, воркаут және командалық ойындар алаңдары бар спорт аумағы, балалардың жаңа қалашығы пайда болады. Жаңа әрі заманауи аттракциондар жасалады.
Таяу арада тротуарларды жөндеу басталады, жарық көздері орнатылып, фонтандар жаңарады. Заманауи талапқа сай келмейтін сауда объектілері алынып тасталады. Мемлекеттік - жеке әріптестік қағидасы бойынша сонау 90–шы жылдан бері жұмыс істемей тұрған «Велотрек» қайта жасалады.
Қосымша ағаш отырғызылып, қала саябағының ортасындағы көлік тұрағын жабу есебінен асфальтбетон төселген аумақ қысқарады.
Айта кетерлігі, құрылыс жұмыстары келушілерге қолайлы болу үшін кезең бойынша жүретін болады.
Айта кетерлігі, Алматыда биылғы жазда 150-ден астам көше жөнделеді, 30 км тротуарлар жасалады, 600 аула көріктендіріледі. Барлық жер асты өтпелі жолдар күрделі жөнделеді, жаңа фонтандар салынады. Бұрын қайта жасалған Панфилов, Жібек Жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, Байсейітова, Төлебаев көшелері мен «Астана» алаңынан өзге мегаполистің бірқатар негізгі даңғылдары түгелдей жаңарады.