Тамара Асар 7 жасында басына үкітелпек киіп, ән сап тұрған суретін көрсетті. «Айгөлекті» шырқап, бас жүлде алғанын айтқан ол балалық шағындағы сол күнгі естелігімен бөлісті.
“Мына жерде мен 7 жастамын, басымдағы үкітелпегімнің түпнұсқасы анамдікі. Ол 1954 жылы көркемөнерпаздар жарысына киіп шығыпты. кейін оны маған әкем өз қолымен мақпал матадан сыртын әдемілеп қаптап, әдемі моншақтармен анам екеуі отырып әшекейлеп берді.
Ал үстімдегі кеудешенің оюын әкем ойып, анам қалған жұмысын жасап берген. Тойлардан келген “көйлек жаулықтардың” арасынан өзім таңдап алған сары жібектен, “үкіметский тігісі” бар көйлек кием деп жылағасын ауылдың “әртеліндегі” (ателье ғой негізі) Сұлуxан апайға тіктірдік. Аяғымда көрші кемпірдің ескі мәсінен маған арнайы кішірейтіліп тігілген мәсі бар. Оны да әкем өзі тігіп берді. Осылай Фестивальға осылай дайындалып, “Айгөлекті” шырқап тұрмын… Ата-ананың баптаған сәйгүлігі осы… Бас жүлдені қанжығаға байлады…”, – деп жазады әнші желідегі парақшасында.