Анорексия дертіне шалдыққан атыраулық Зухра Ахметова қазақстандықтарға видеоүндеу жолдап, көмек сұрады деп жазады «Мой город». Ол жақында ғана «Өз ойым» бағдарламасында болып, бұл дертке қалай шалдыққанын айтып берген болатын.
Қазіргі уақытта науқас Атырау облыстық ауруханасының гематология бөлімінде ем алып жатыр. Бірақ үш баланың анасының жағдайы жақсаратын түрі жоқ. Телеарнаға шыққалы бері аз ғана салмақ қосыпты.
«Астанаға Ләйлә Сұлтанқызының «Өз ойым» бағдарламасына күйеуім және балаларыммен бірге бардым. Ол жерде бұл аурудың қалай басталғаны туралы сөз еттік. Күйеуім сол уақыттағы жағдайым мен қазіргі күйіме дейін айтып берді. Әр аймақтан тұрғындар хабарласып, жағдайыма бей-жай қарамайтындарын білдірген еді. Тіптен кейбіреулері ақша жіберген де болатын», – дейді Зухра.
Бағдарламаға отбасымен келген Зухраның бұл жердегі мақсаты – Мәскеудегі келесі еміне көпшіліктен көмек қаржылай сұрау болған. Бірақ аз қаражат жиналыпты. Айтуынша, бағдарлама оның соңғы үміті болған екен.
«Осы күні мен облыстық аурухананың гемотология бөлімінде ем алудамын. Әлі қанша жататынымды білмеймін. Мәскеуге баратын қаражатым жеткіліксіз. Квотаның да қашан дайын болатыны белгісіз. Барша қазақстандықтардан маған қаржылай көмектесулеріңізді сұраймын. Менің де өмір сүргім келеді. Әр күн сайын балаларымды құшып, сүйгім келеді. Мен солар үшін ғана өмір сүріп келемін. Сол себептен аяғымнан тұрып кетуіме көмектесіңіздерші», – деп Зухра Ахметова көпшіліктен көмек сұрады.
Айта кетсек, Құрманғазы ауданындағы Орлы ауылының тұрғыны Зухраның бетіне ісік үш жыл бұрын пайда болыпты. Ол уақытта әйел ұзақ жылдар бойы күткен қызына жүкті болған. Ауруын біле сала Астрахань қаласындағы дәрігерлерге барып қаралғанда, олар жүктілікті тоқтатуын талап етеді. Сөйтіп бетіндегі ісікті дереу алып тастауға кеңес берген. Бірақ, дәрігерлерді тыңдамастан Зухра қызын дүниеге әкеледі. Енді ауруынан айығуы үшін ұзақ емделу керек. Бірақ отбасы ем алуға қаражат таппай отыр.