Қазақстанда әлемдік үш діннің де: ислам, христиан және буддизм өкілдері тату өмір сүріп келеді. Халықтың дені мұсылмандар болса, қалған біраз бөлігі христиан дінінің ағымдарын ұстанады. Солардың ірі бір тобы – католиктер.
Қазақстанда католик ағымын ұстанушылардың саны 183 мыңға жуық. Еліміздің барлық облыс орталығында католик шіркеулері бар болғанымен, ең ірі 4 орталық қалыптасқан. Олардың алғашқысы Астанада. Елордадағы католиктер саны 90 мыңнан асып жығылады. 21 шіркеу мен 30-дан астам священник жұмыс істеуде. Мұнан кейінгі ірі орталықтар Қарағанды мен Алматыда және Атырауда шоғырланған.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев осы католик шіркеулерінің Қазақстан қоғамын дамытуға қосып отқан үлесін ерекше атап өтті. Бүгін ол Астанадағы Әулие Мария Рим-Католик Архиепархиясының Архиепископы Томаш Пэтамен кездесіп, өзара жұмыс барысын талқылады.
Бұл кездесуге сондай-ақ, «Астанадағы барлық халықтар анасы» Рим-Католик шіркеуінің өкілі Павел Блок, Петропавл қаласындағы «Әулие үштік» Рим-Католик шіркеуінің қызметкері Томаш Якубчак қатысты.
Кездесу барысында тараптар мемлекеттік орган мен католик шіркеуінің өзара байланысы, сындарлық ынтымақтастықты дамыту және еліміздегі конфессияаралық келісім мен сұхбатты нығайту мәселелерін талқылады.
Дархан Кәлетаев Қазақстандағы Католик шіркеуінің нәтижелі қызметін атап өтті. Оның айтуынша, басқа діни бірлестіктермен қатар, Рим-Католик шіркеуі гуманитарлық салада, атап айтқанда, маңызды әлеуметтік және ағартушылық міндеттерді шешуде нәтижелі жұмыс жүргізіп отыр.
Өз кезегінде Архиепископ Томаш Пэта министрге Қазақстандағы Рим-Католиктік шіркеуінің қызметі туралы, сондай-ақ, рухани құндылықтарды қалыптастыру мақсатында дінге сенушілерге арналған мәдени-ағарту жұмыстарын баяндады.
Кездесу соңында тараптар сенімді өзара қарым-қатынастарды дамыту мен еліміздегі конфессияаралық келісімді сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда ресми түрде тіркелген 18 конфессияның құрамына кіретін Рим-католик шіркеуінің 80 діни бірлестігі жұмыс істейді.
Қазақстандағы католиктердің тарихы ХІХ ғасырдан басталады. Қуғын-сүргінге ұгыраған поляк ұлтының өкілдері мен әскери қызметкерлері елімізге келгеннен бастап осынау ағым Орта Азияға да жайыла бастаған.
ХХ ғасырдың басында Ақмола және Семей аймағына жер аударылған поляк және неміс ұлтынан шыққан католик қауымы болған. 1930-1950 жылдары қуғынға ұшыраған және жер аударылған неміс, поляк, латыш, украиндықтардың келуі католиктік қоныстардың артуына алып келді. ХХ ғасырдың 50-ші жылдарының екінші жартысында қамау мен қуғыннан босап шыққан католик шіркеу қызметкерлері жасырын жалбарыну топтарын құрған.
Шіркеу орындарын салуға ресми рұқсатты католиктер тек ХХ ғасырдың 70-ші жылдары алды. 1978 жылы Қарағандыда Қасиетті Иосиф храмы салынып, ал 1979 жылы Целиноградта (қазіргі Астана) алғашқы католик діни бірлестігі тіркелді. Католик шіркеулерінің қайта жандануы Қазақстанның тәуелсіздік алуымен қайта басталды.
Қазақстан Республикасының Қасиетті Тақпен байланысы 1992 жылғы 17 қазанда орнықты. Алғашқы католик оқу орны – Қарағанды қаласында негізі қаланған «Мәриям – Шіркеу Анасы» рухани семинариясы 1998 жылы ашылды. Ал 2001 жылы Рим Папасы Иоанн Павел ІІ Қазақстанда сапарда болды.