2016 жылы Ақтөбе мен Алматыда бірінен соң бірі болған лаңкестік оқиғалардан кейін елімізде дін мәселелері жөніндегі түсіндіру топтары құрылып, халықпен тығыз жұмыс істеуге көшкен болатын. Мақсат - тұрғындар арасында деструктивті діни ағымдардың алды алу, жат ағымдардың жетегінде кеткен жастарды кері қайтару.
Сол уақыттан бері аталған ақпараттық топтар облыс орталықтары мен аудан-қалаларды және шалғай ауылдарды аралап, халықпен кездесулер өткізіп жүр. Сондай шаралардың бірі Батыс Қазақстан облысында өтті. Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы өңірге келіп, аймақтағы діни ахуалды көзбен көрді, халықпен кездесіп, проблемаларын тыңдады.
Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының құрамына білікті теологтар, дінтанушылар, психологтар, мемлекеттік органдардың және мемлекеттік емес органдардың өкілдері енген.
Түсіндіру тобының мүшелері өз күш-жігерлерін атаулы жұмыстарға бағыттады. Аталған жұмыс аясында деструктивті діни ағымдарды ұстанатын азаматтармен арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Түсіндіру шараларымен Орал қаласы, Ақжайық, Бөрлі, Жаңғала, Сырым және Теректі аудандарының тұрғындары қамтыды.
Топтың теологтары Мұқан Исахан, Ершат Оңғаров пен Төлеген Талдыбаев облыстың елді мекендерінде сенушілермен кездесулер ұйымдастырыды. Сондай-ақ РАТТ мүшелері радикалды діни көзқарасты ұстанатын сотталғандармен және облыстың түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандармен жекелеген әңгімелер жүргізді.
Діншіл қауыммен кездесулерде теолог Ершат Оңғаров өз сөзінде: «Еліміздің келешегі - ауызбіршілікте, руxани тұтастықта. Соны әрбіріміз сезініп, бағалап және оны дамытуға өз үлесімізді қосуымыз қажет» екенін тілге тиек етті.
Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Ақбөпе Телігенова, Толғанай Мұстафина, Зейнет Үсенова, Әлия Төлегенова және Гүлжамилә Ахметова облыстағы діншіл әйелдер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Әйелдер жамағатының өкілдерімен коммуникативті және кәсіби дағдыларды жетілдіруге бағытталған психологиялық тренингтер ұйымдастырылды.
Бекітілген кесте бойынша Дін мәселелері жөніндегі республикалық топ Батыс Қазақстан облысына осы жылдың екінші жартысында қайта баруды жоспарлап отыр.