Ақтөбе облысы - еліміздегі дін мәселесі шиеленіскен негізгі өңір. Облыста жат ағымның жетегінде кеткендер саны өзге облыстармен салыстырғанда айтарлықтай көп. Оның үстіне, Ақтөбеде бір емес, бірнеше рет лаңкестік оқиға орын алған болатын. Сондай-ақ, Сирияға соғысуға аттанған қазақтар қатарында да ақтөбеліктер жетіп артылады. Сондықтан, өңірдің діни мәселесі мемлекеттің басты назарында.
Содан да болар, Ақтөбе өңіріне теолог мамандар мен ғалымдар жиі келіп, жергілікті халықпен кездесулер өткізіп жатады. Осындай шаралардың ауқымдысы күні кеше бүкіл облыс аумағын қамтыды. Өңірге Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы келіп, аудан-ауылдарды аралады.
Осы кездесудің барысында дін жолындағы әйелдерінің бастамасы бойынша, діннің маңызды мәселелері бойынша дистанциялық кеңес беру үшін «WhatsApp» мессенджерінде онлайн конференция құрылды. Яғни, бұдан былай ақтөбелік дін ұстанушы әйелдер мен қыз-келіншектер мессенджер арқылы онлайн кеңес ала алады.
Ал, жалпы, түсіндіру шаралары 23-27 сәуірі аралығында Ақтөбе, Хромтау, Қандыағаш қалалары, Мартөк және Байғанин аудандарын да қамтыды.
Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Индира Беркімбаева, Ақбөпе Телігенова және Толғанай Мұстафиналар облыстың дін жолын ұстанатын әйел тұрғындары, оның ішінде дәстүрлі жамағат және деструктивті діни ағымдарды ұстанатындардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Топтың теологтары Мұқан Исахан мен Алтынбек Ұтысхан облыстың Мартөк және Байғанин аудандарында болып, мешіт жамағатымен кездесулер өткізді, сондай-ақ радикалдық діни көзқарасты ұстанатын сотталғандармен және облыстың түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандармен жекелеген әңгімелер жүргізді.
Түсіндіру тобының мүшелері өз күш-жігерлерін атаулы жұмыстарға бағыштады, соның аясында деструктивті діни ағымдарды ұстанатын адамдармен арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.