$ 491.7  531.28  5.07

Қарағандыда жастар үшін «GOOD ZONE» коворкинг орталығы ашылды

Соңғы бірнеше жылдан бері елімізде жастар мәселесіне жіті көңіл бөлініп келеді. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жанынан жастар саясатымен айналысатын арнайы комитет құрылса, әр облыста жастар мәселесі жөніндегі басқармалар бар. Бұған белсенді жастар тарапынан құрылған түрлі қоғамдық ұйымдарды тағы қосыңыз.

Бұл ұйымдар мен мемлекеттік ведомстволар жайдан-жай құрылған жоқ, баршасының мақсаты бір - жастардың қордаланған проблемаларын шешу. Жастар арасында оң идеологияны қалыптастырып, оны дамыту болып табылады. Өйткені, қазіргі жаһандану заманында түрлі теріс діни ағымдардың уағызы күшейіп, өскелең ұрпақ нашақорлық, қылмыс жасау секілді келеңсіздіктерге жиі баратын болды.

Бұл проблемаларды шешу үшін салдармен емес, себеппен күресу керектігін баршамыз жақсы білеміз. Ал, жастар арасындағы келеңсіздіктер мен қылмыстардың басты себебі - жұмыссыздық және қолдың бостығы. Уақытын тиімді өткізе алмаған жасөспірім не ойын клубтарына барады, не түрлі топтар мен ағымдарға қосылады.

Осы кеңістіктің орнын толтыру үшін қазір үкімет те, жергілікті билік өкілдері де біршама жұмыс атқарып жатыр. Жастар үшін түрлі үйірмелер мен орталықтар салынып, бос уақытта білімін жетілдіруге, ой-өрісін кеңейтуге мүмкіндіктер жасалуда. Солардың бірі күні кеше Қарағанды қаласында ашылған GOOD ZONE» коворкинг орталығы. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары А.Айдаров қатысып, жастар мәселесі мемлекеттің басты назарында екенін айтып өтті.

Аталмыш коворкинг орталық Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХІ отырысының хаттамасын орындау мақсатында ашылды және облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының жанында қызмет етеді.

Коворкинг – жұмыс істеуге, іскерлік кездесу мен түрлі іс-шаралар үшін ұынылатын «коммуналды кеңселік» жабдықталған орын.

Коворкингтің қызмет ету мақсаты: ұсынылатын жұмыс орны немесе жастарға арналған нақты кеңістік – мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыру мақсатында семинар, конференция, іскерлік кездесу, сонымен қатар, әр түрлі бағыттағы хакатондарды ұйымдастыру, шығармашылық және ғылым жолындағы жастарды шоғырландыру мақсатында түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға арналған.

Шығармашылық әлеуетін немесе өзінің қызметін арттыруға талпынған коворкингтің әр резиденті орталықта өзіне сай келетін маман тауып алып, онымен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуына болады. Коворкинг бизнес және әлеуметтік кластерлерді көбейту мен оны дамытуға көңіл бөлетін болады.

Коворкинг миссиясы: нақты бір саланың кез-келген мүшесіне көмек көрсету, заңнамалық қызмет пен кеңес, өзін-өзі дамыту мен тіршілік әрекеті қасиеттерін дамытуға арналған семинар тренингтер өткізу, идеяларды талқылау және оны жүзеге асыру, маркетингтік көмек көрсету.

Коворкинг орталығы 3 аймаққа бөлінген:

Бірінші жұмыс аймағы – негізгі зал. Шығармашылық және жастар жобаларының жиналысын өткізуге, іскерлік кездесу, зияткерлік ойындармен бос уақытын тиімді пайдалануға арналған негізгі зал. Аталмыш зал ноутбук, компьютермен жұмыс істеуге, келушілердің демалуына жағдай жасалған қолайлы орын ретінде, сонымен қатар, өнерлі жастардың шығармашылықпен айналысуына арналған.

Екінші жұмыс аймағы – кіші зал. Стартаперлер, волонтерлер және басқа саладағы жастарға түрлі шеберлік сабағын өткізуге арналған керекті техника, хромокей және жиһаздармен жабдықталған кіші зал.

Бұл зал онлайн көрсетілім, вебинар және фильм көруге, ән кештері мен караоке, сондай-ақ TedX форматындағы кездесулер өткізуге арналған.

 Сонымен қатар, өнерлі жастар үшін қажетті музыкалық аспаптар мен микрофондармен қамтылған.

Үшінші жұмыс аймағы – сөйлесу бөлмесі. Іскерлік кездесулер өткізуге, кеңестік көмек көрсетуге арналған бөлме.

Облыс әкімінің орынбасары Айдаров Алмас және басқа да қонақтар барлық жұмыс аймақтарды аралап, олардың жұмысымен танысты.   Танысудан соң облыс әкімінің орынбасары жастарға жаңа ойлар, шығармашылық шабыт және өзін-өзі табысты жүзеге асыруды тіледі, сонымен қатар коворкингке музыкалық аспаптарды сыйға тартты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары