$ 494.87  520.65  4.91

Қарағанды облысының аймақтарына «Жастар-жастарға» мәдени ақпараттық-насихаттау керуені жол тартты

Құрамында 30 делегаты бар керуен бүгін Қарағанды қаласынан облыстың өзге аудандарына жолға шықты. Барлығы да жастар. Мақсат - Мемлекеттік бағдарламалар мен Мемлекет басшысының стратегиялық маңызды құжаттарын ауыл жастарының құлағына жеткізіп, санасына сіңіру. Мәдени ақпараттық-насихаттау керуеніне «Жастар-жастарға» деген атау берілген.

Бұл бастама Қарағанды облысында алғаш рет ұйымдастырылып отқан жоқ. Жыл сайын белсенді және білікті жастардан құралған ақпараттық топ өңірдің аудан-ауылдарын аралап, өз қатарластарына маңызды құжаттардың мән-мағынасын түсіндіреді, олардың алға ұмтылуына мотивация береді.

Жастар керуені 16 мамырда Қарағандыдағы «Сарыарқа» кинотеатрының алдынан алғашқы сапарын бастады. Белсенді топты шығарып салуға өңірге танымал қайраткерлермен бірге облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров та келіп, жастарға сәттілік тіледі.

«Президенттің бастамалары біз үшін, біздің облыс үшін, біздің жастар үшін өте маңызды. «7-20-25» бағдарламасының өзін алып қараңыздар, енді әрбіріңіз өз баспанаңызды алуға әрекет ететін боласыздар, енді баспана расымен де қолжетімді болмақ. Мемлекет басшысының жастарға көңіл бөлуінің арқасында бүгін біз Қарағандының орталығынан сіздерге арнап коворкинг орталығын аштық. Бұл атқарылып жатқан жұмыстардың бастамасы ғана», - деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары.

Ақпараттық топтың құрамына жастар саясаты, дін істері, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту басқармаларының,  ішкі істер департаментінің, «Даму» қорының, «Қазагро» даму институттарының, жастар ресурстық орталығының, «Жас Отан» жастар қанатының, банк құрылымдары өкілдері және белсенді, шығармашыл жастар кірді.

Жалпы, жобаның негізгі миссиясы – жастармен кездесулер өткізу, әсіресе ауыл жастарын Елбасының стратегиялық маңызды құжаттарын, оның ішінде Жолдау, 5 әлеуметтік бастамасын, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы», «7-20-25» бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы», «Дипломмен ауылға!», «Жасыл ел» секілді мемлекеттік және аймақтық  бағдарламалармен таныстыру болып табылады. Сонымен қатар, керуен мүшелері жас азаматтарға консультациялық жұмыс түріндегі адрестік көмек көрсетеді. Жалпы алғанда жобаның басты міндеті – мемлекеттік жастар саясатын насихаттау.

Жастардың керуені ең алдымен Абай ауданына, кейін Теміртауға барады. Олар «7-20-25» бағдарламасының тетіктерін түсіндіріп, баспанаға оңай қол жеткізудің жолдары туралы айтады. Жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жайында барлық сұрақтарға жауап береді. Өйткені, жергілікті жастарды дәл осы екі мәселе қатты қызықтырады екен.

«Қазір жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту секілді бағдарламаларға қызығушылық жоғары. Мемлекет те жастарды қолдау үшін жыл сайын бөлінетін қаражаттың көлемін арттырып келеді. Енді ауыл-аймақтағы жастар осы қолдау туралы естіп-білуі керек, сол үшін бүгінгі керуеннің маңызы зор», - дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры филиалының директоры Тимур Екеев.

Сол көп қолдаудың бірі - күні кеше ашылған коворкинг орталығы. Цифрландыру мен робототехникаға қызыққан жастар үшін бұл нағыз жұмақ мекен деп айтуға болады. Білімін жетілдіруге қажеттінің бәрін олар осы орталықтан таба алады. Сондай-ақ, музыкалық аспапта ойнайтын жастарға да бұл ерекше тосынсый болып отыр.

«Коворкинг орталық таңертеңгі 9-да ашылып, кешкі 21:00-де жабылады. Сенбі күні де жұмыс істейміз, оқудан босаған жастар осында келіп уақытын тиімді өткізе алады. Бұл тек білім алатын орын емес, жастардың бір-бірімен танысып, пікір алмасып, өздерінің ашылуына жағдай жасайтын орталық», - дейді Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Ақжол Құрмансейіт.

Айта кетейік, жастардан құралған керуен жыл соңына дейін 9 аудан мен 9 қалада болып, жергілікті жастардың баршасымен кездесу өткізеді. Аталған шара Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары