Риддер қаласының тұрғыны Виктор Смольников баласын қағып өлтірген шенді шенеуніктердің ісін әділдікпен шешуді сұрап, ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа видео үндеу жолдады.
15 сәуір күні мас күйінде көлік айдаған Риддер қаласының әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев 18 жастағы Риддер тұрғыны Евгения Смольниковты қағып өлтірген болатын. Алайда марқұмның әкесі Виктор Смольников бірнеше нақты айғақтарын көрсетіп, бұл іске Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевтың да қатысы барын айтады.
В.Смольников бір фильмге жүк болатын бұл қылмыстық істегі бірнеше қитұрқы әрекеттерді жайып салды. Жексенбі күні, сағат 21:00 шамасында «Сосновый бор» демалыс орнынан ішімдікке тойып алып, қалаға кірген шенеуніктердің жол ережесін бұзып, көлік айдап келе жатқан видеосы интернетте таралған. Бейнежазбада қызметтік көлікпен бірге патрулдік полиция көлігі де ілесіп жүргені байқалады. Видео үндеуде Смольников тергеудің әділ өтпей жатқанын айтады.
«15 сәуірде менің 18 жасар балам Евгения Смольниковты BMW X5 көлігімен қағып өлтірді. Автокөлікте екі лауазымды тұлға - Риддер қаласының әкімі Құрманбаев және Өскемен қаласының әкімі Тұмабаев болды, олар мас болып, барлық жол ережелерін бұзған. Бейнежазба бар. Машина бірден тоқтамады. Тұмабаев автокөліктен шығып, жырада соққыдан ұшып түскен баламды көрген соң бұрылып, полицейдің жанынан өтіп, BMW X5-ке мініп, әрі қарай кете берген. Полиция BMW-ны тоқтатқан кезде. Тұмабаев машинада болмады», - дейді Виктор Смольников.
Марқұмның әкесі полицияға шақырылған кезде, полиция қызметкерлері видеорегистраторда жазылған видеоға қарамастан, машина оқиға орнынан кетпегенін айтады.
«Мен сұрағанда рөлде ЖКО кезінде Тұмабаевтың болмағанын, рөлде мас Құрманбаев болғанын айтты. Тергеу әділ өтіп жатқан жоқ, өйткені Тумабаев ЖКО-нан кейін көлікті айдап кеткені видеода көрсетілген. Алайда рөлде неге Құрманбаевтың ғана саусақ іздері қалған. Тұмабаев адвокатқа жүгінді, оның адвокаты істі тергеп жатқан тергеушінің әйелі. Бұл этикаға сай емес қой. Құрметті президент, кінәліні табуға көмектесіңізші», - дейді Смольников.
Дәл қазіргі уақытта Смольниковтың үндеуі YouTube-та он мыңға жуық көрілім жинап, пікірлер жазылуда.
Іс бойынша тергеу прокуратураның бақылауына алынды, оқиға болған кезде автокөлік салонында Риддер қаласының әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев пен Өскемен қаласының әкімі
Қуат Тұмабаев болғаны дәлелденді. Алайда, ол іске куә ретінде тартылып отыр.
Дереккөз: Holanews.kz