Алматыда «Атакент» орталығының территориясы қала меншігіне қайтарылуда. Ол үшін алғашқы қадамдар да жасалды.
Атап айтқанда, Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Атакент» іскерлік байланыс орталығының 23 гектар аумағын жалға беру туралы келісімнің күшін жою туралы қаулы шығарды. Алматы әкімі тиісті басқармаларға жалға беру келісімін бұзу туралы тапсырма берді.
«Кезінде «Атакент» айналасы жасыл желекке оранып, мұнда адамдар отбасымен серуендеуге келетін. Бұрын каскадты субұрқақ бар еді, ал қазір оның бәрін асфальттап, көлік тұрағы мен базарға айналдырған. Басқарушы компания осы аумақтты дамыту жөнінде қалалықтарға үлкен уәде беріп еді, алайда, көріп отырғанымыздай соңғы жылдары ешқандай жұмыс атқарылмаған», - деді Бауыржан Байбек.
Енді 54,1 га аумақты құрап жатқан территория қаланың меншігіне қайтарылды. Оның 31 гектары жеке меншікте, ал 17 гектарында түрлі сауда орындары, мейманханалар мен спорт кешендері орналасқан.
Қазіргі уақытта Алматы әкімдігі барлық құқықтық құжаттарды тексеруде. Игерілмеген 14 гектар жерге шектеу қойылған. Дегенмен, мақсатты негізде салынған көрме павильондары немесе өзге де нысандарды сүру жоспарда жоқ.
Еске салайық, осыдан екі апта бұрын Бауыржан Байбек «Атакент» орталығының меншік иелері аталған аймақты дамыту бойынша міндеттемелерін толық атқармай отырғанын айтқан болатын.
Айта кетейік, бүгінгі таңда «Атакент» АҚ тек Қазақстаннан ғана емес, ТМД тысқары да танымал. Барлық ұжымның жөнге салынған жұмысының арқасында барлық бағыттарда біраз табыстарға қол жеткізілген. Қазіргі уақытта, павильондарды, ғимараттарды, құрылыстарды қайта құрылымдау бойынша нысаналы жұмыстардың арқасында, «Атакент» АҚ Орталық Азия мен ТМД ірі көрме орталықтарының біріне айналып отыр.
Жыл сайын «Атакент» АҚ аумағында 8 000-нан астам шетелдік фирмалар мен компаниялардың қатысуымен 50-60 ірі ұлттық және халықаралық көрмелер өткізіледі.