Алматыда Дінмұхамед Қонаев музей-үйі алаңында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Музей қызметкерлерінің айтуынша, мұнда жыл сайын балалар күні қарсаңында ашық есік күні өтіп, мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады екен.
«Балалар біздің басты қонағымыз. Бірінші мерекеміз - музей күні болса, екінші маңызды шара - балалар мерекесі. Біз үшін маңыздысы - олардың көңіл-күйінің көтеріңкі болуы. Балаларға жылдың әр күнінде қорған болуымыз керек. Бірақ дәл осы күні олар ерекше мейірімді күтеді», - деді музейдің ғылыми қызметкері Елена Ибатқызы.
Мерекелік шараға көрші үйлердегі балалар шақырылды, сондай-ақ аулада ата-анасымен қыдырып жүрген бүлдіршіндердің бәрі келіп қатысуға мүмкіндік алды.
«Қонаев музейі қонаққа балаларыңызды алып келіңіздер деген соң, қуана келістік. Екі баламды алып келдім. Балаларымыздың қуанышында шек жоқ. Бар байлығымыз балалар болған соң, олардың шаттанғанына не жетсін. Мұндай шаралар ұйымдастырыла берсін, біз әкелуден жалықпаймыз», - деді Майрагүл Хасенқызы.
Шара барысында балалардың психологиялық танымын байқау үшін сурет салудан сайыс ұйымдастырылды. Сондай- ақ, бағдарлама бойынша балалар түсті қағаздардан апликация жасап, мультфильм тамашалап, ән айтты. Соңында балаларға сыйлықтар үлестірілді.