Алматылық Ольга көп жылдан бері медицина саласында қызмет еткен. Кейіннен жұмысынан шығып, өзінің массаж жасайтын орталығын ашыпты. Бірақ 25 сәуірде болған жағдай Ольганың өмірінің астан-кестеңін шығарған. Түнде ұйқыда жатқан оны пәтеріне кірген белгісіз ер адам екі көзін бірдей шұқып алыпты. Содан бері Ольга көруден қалған. Жанарын қайта қалпына келтіру үшін Оңтүстік Кореяда ота жасатуы керек дейді көпшіліктен көмек сұраған құрбысы Диляра «NewTimes.kz» порталына.
Айтуынша, Ольга өте еңбекқор жан екен. Ол 16 жасынан бері медицина саласында жұмыс істеп келеді. 1983 жылы медициналық училищеге оқуға түсіп, кейіннен медбике болыпты. Жұмысына тиянақты Ольганың жеке өмірінде біраз қиыншылықтар орын алған. 1992 жылы ол жалғыз ұлынан айрылып қалған. Содан бері жалғыз екен. Кейін жедел жәрдем қызметіне жұмысқа ауысып, көп ұзамай массаж жасау курсына жазылған. Оны бітіргеннен кейін Ольга өз жеке ісін ашыпты. Бірақ ойламаған жерде оқыс жағдайға тап болған.
«Ольга өзінің үйі тұруға жарамсыз болғандықтан, екіқабатты жер үйді жалдап тұратын. Сол түні күн ыстық болған. Балконның есігін ашып қойған екен. Түнгі 2 шамасында үйге белгісіз ер адам газ баллонмен кірген. Ұйқыда жатқан жерінен Ольганы бас сала қылқындырып, өлтірмекші болыпты. Ольга онымен бірнеше уақыт арпалысқа түскен. Дауыстап дұға оқығанда қаскөй шегініп қалыпты. Сол кезде құрбым терезеге қарай жүгіріп, көршілерінен көмек сұраған. Қайта ар жағынан біреуі шығып, дереу полицияға хабар берген. Сөйтіп қылмыскерді қашпақшы болған жерінен ұстап алған», – дейді Диляра.
Ол соқыр болып қалған құрбысының денсаулығына алаңдайтынын жеткізді.
«Ольганың екі көзін де шұқып алған. Дәрігерлер бес сағат ота жасады. Бірақ жанарын сақтап қала алмады. Енді отаны Оңтүстік Кореяда жасатуға болады. Соған ақша жинау үшін көпшіліктен көмек сұрап жатырмыз», – дейді ол.
Ал қаскөйдің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 106 бабының адам денсаулығына қасақана зиян келтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бірақ туыстары тергеуде жатқан оның психикасында ақау барын алға тартуда екенін айтады Диляра.